ТҮРКІСТАНДЫҚ АРУ ӨРТ СӨНДІРУ-ҚҰТҚАРУ СПОРТЫНАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН

217

Түркістанда өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы атанған Айдана Тұрсын облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді. Ол 17 жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысады.
Алғаш рет құтқарушылар арасындағы ел біріншілігінде топ жарған. Былтыр Өзбекстанның Самарқанд қаласында әлем чемпионы атанды. Ал биыл Түркияда өткен жарыста кедергісі бар 100 метр қашықтықты 16 секундта жүгіріп өтіп, екінші орын иеленген. Сол бәсекеде 2-қабатқа 7 секундта сатымен көтеріліп, Қазақстан рекордын жаңартып отыр.
Жас құтқарушы ерлермен иық тірестіре жаттығу жасап, шеберлігін шыңдайды. Оның Түркияда өткен әлем чемпионатында 2-қабатқа сатымен көтерілген сәті әлеуметтік желіде кеңінен таралып, «Өрмекші қыз» деген лақап атпен көпшілікке танымал.
— Адамда бірінші кезекте тәртіп, одан кейін алдында мақсаты болуы керек. Мақсаты болған кезде барлығына уақыт табылады. Әлеуметтік желілерде Түркияда өткен жарыстың бейнесі арқылы көпшілік «Өрмекші қыз» деп танып жатады. Бұл маған шабыт сыйлайды, — дейді Айдана Тұрсын.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі