ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

318

 

ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, ҚР Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым бастаған бір топ қаламгерлер Созақ ауданында болды. Қонақтар киелі орындар Ысқақ Баб, Баба Түкті шашты Әзиз, Қарабура әулие кесенесіне тәу етті. Теріскей өңірінің тарихымен танысты. Одан соң, аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың қабылдауында болды. Жергілікті жазушылар мен журналистер одағының мүшелерімен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесу барысында, Мұхит Сексенбайұлы, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, қазіргі таңдағы журналистика саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.

Кездесуді ұйымдастырушы ҚР Журналистер одағының мүшесі, Нұржамал Майусова жиынның мақсатын айтып, маңызды кездесу екенін тілге тиек етті. ҚР Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым пікірін білдіріп, мұндай жиынның қаламгерлерге берері көп екенін атап өтті. Жергілікті қаламгерлер Мыңжасар Асқаров, Сәрсенбек Теңізбаев, Біржан Саржанов өз ойларын ортаға салды. Ғалымжан Елшібай, ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының тарапынан жергілікті қаламгерлерге Алғыс хаттар тапсырып, ықылас-ілтипатын білдірді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қонақтарға алғыс білдіріп, бірқатар азаматтарды марапаттады.