АРНАЙЫ ЭКСПЕДИЦИЯЛЫҚ ТОП СОЗАҚ ӨҢІРІНЕ САПАРЛАП ҚАЙТТЫ

252

 

«Amanat» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі мекендерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы экспедициялық топ сырлы Созақ өңіріне барып қайтты. Оның құрамына белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай, Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жандос Керімұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы және тағы бірқатар қаламгерлер мен журналистер енген.

Созақ өңірінде қазақ даласы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін қастерлі Ысқақ баб, Баба түкті шашты Әзіз және Қарабура әулиелердің кесенелері орналасқан. Алдымен экспедиция мүшелері осындағы кесенелердің ахуалымен танысып, киелі орындарға зиярат жасады. Содан соң Созақ ауданы әкімі Мұхит Сексенбайұлымен басқосу болды. Жиынға Теріскей таланттары, жазушылар және журналистер қатысып, ашық пікір алмасты. Сондай-ақ Мұхит Тұрысбеков қонақтарға алғыс білдіріп, бір топ қаламгерді марапаттаса, Ғалымжан Елшібай Одақ тарапынан Алғыс хаттар тапсырып, ықылас-ілтипатын білдірді. Дөңгелек үстел басындағы жарқын жүздесу естелік суреттерге түсіп, өзара әңгіме-сұхбаттарға ұласты. Зиялы қауыммен ортақ мақсатты көздеген мүндай сапар алдағы уақытта басқа аудан-қалаларда жалғасатын болады.