ЕКІ ЖЫЛДА ЖЕТІ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

137

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданының тұрғындарымен кездесуінде баяндады. Жиын барысында өңір басшысы облысты, ауданды дамыту жоспары туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

— Мемлекет Басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленген болатын. Осы ретте ауданда жаңадан 7 мектептің құрылысы жоспарлануда. Атап айтсақ, Ескі Иқан ауылында 2 000 орындық, Ынталы, Құмтүйін және Аша ауылдарында 900 орыннан 3 мектептің, Еңбекші-Дихан және Қарашық ауылдарында 600 орыннан 2 мектеп, Қожанов ауылында 300 орынға 1 мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар, жаңадан құрылған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жандана түскенін тілге тиек еткен өңір басшысы инвестиция көлемін ұлғайту жұмыстарын күшейту керек екендігін баса айтты. Сауран ауданы облыс орталығына жақын орналасқандықтан ауданның әлеуеті жоғары екендігін алға тартты.

— Ауданда жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік мол. Екіншіден, орта ғасырлардан сыр шертетін тарихи Сауран қалашығы бар. Бұл арқылы туризмді дамытуға болады. Аудан әкімі осы бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Сауран ауданын дамыту жұмыстары жалғасады, — деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, былтыр Сауран ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,1 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,3 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, 43,4 млрд. теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.

Сауран ауданы құрылғалы бері 26 млрд. теңге инвестиция тартылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде 20 млрд. теңгесі – жеке инвестициялар. 2022 жылы жалпы құны 3 млрд. 429 млн теңгені құрайтын 4 (жеке) инвестициялық жоба 384 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды. Биыл құны 6,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жеке инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 195 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауыл шаруашылығында 87 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7%-ды құрады. Егіс көлемі 42 мың гектарға жетті.

Өткен жылы 34 шақырымды құрайтын 18 көшені жөндеуге 1,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі артты.

Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, 24%-ға артқан. 30 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі 44%-ға ұлғайып отыр.

Облыс әкімінің саурандықтармен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапқан. Иассы ауылдық округінің интернет желісінің нашарлығы туралы шағымға байланысты Еңбекші-дихан елді мекенінде «Билайн», «Кселл» операторының 4G стандартын қолдайтын жаңа станциялары орнатылды. Егізқара елді мекеніне баратын жол жөнделген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыс жалғасуда.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, жол, ауыз су, ағын су және өзге де мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, жиын соңы жеке қабылдауға ұласты. Онда облыс әкімі тұрғындармен пікір алмасып, мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылады.