«БІЛІМДЕГІ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАЛАРДЫ ТҮРКІСТАННАН БАСТАСА ЖОЛЫ АШЫЛАДЫ»

147

Мұхтар Әуезов мектебінің директоры Нұрлан Қадыров:

«БІЛІМДЕГІ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАЛАРДЫ ТҮРКІСТАННАН БАСТАСА ЖОЛЫ АШЫЛАДЫ»

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 90 жылдық тарихы бар Оранғайдағы Мұхтар Әуезов мектебінің директоры Нұрлан Қадыровпен кездесіп, білім ордасындағы тың жаңалықтар туралы білген едік.

— Нұреке, биылғы оқу жылына әзірліктеріңіз қалай? Қала маңында болғандықтан балалар саны жылдан жылға өсуде. Бұл тығырықтан қалай шығып жатырсыздар?

— Мен Мұхтар Әуезов мектебінде 2004 жылдан бастап директорлық қызмет атқарып келемін. Биыл мектебіміз 93 жылдық оқуына кіргелі отыр. 1956 жылдан бастап қазақ-өзбек мектебі болды. Оған дейін өзбек, латын, араб тілдерінде дәріс берілді. Мұхтар Әуезов есімі 1967 жылы берілді. Оған дейін Оранғай ауылдық мектебі болды. Қазіргі таңда 1400-дей бала биылғы оқу жылында мектепке барады. Биылғы жаңа оқу жылында жақын маңдағы елді мекендерден арнайы автобуспен тасымалданып, қатынайтын 400-ге жуық бала бар. Нақтысы 390 оқушы. Солар оқитын Шымқорған көшесінде 150 орындық мектеп салынып жатыр. Осы мектеп биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек. Оның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде 300-ге жуық оқушы сол мектепке ауыса алады. Одан бөлек еліміздегі Ұлттық «Жайлы мектеп» жобасына қатысып отырмыз. Ол 600 орындық мектепке 400 оқушымыз баратын болса, жаңа мектепке 40 мұғалім баратын болса, «Жайлы мектепке» елуге жуық мұғаліміміз ауысатын болады. Ал, өзіміздің 940 орындық мектебімізде 600 оқушы кең жерде, емін-еркін бір ауысымда білім алатын болады.

 

— Қазіргі таңда осы мектепке бала қабылдау мәселесі қалай жүзеге асырылуда. Олар өздерінің мекен жайына жақындығына байланысты қабылдана ма, әлде мектептің оқу, тәрбие жұмысының сапасына байланысты бала мен ата-ана өздері таңдау жасай ала ма?

— Қазіргі кезде осы аталмыш мектептерге қабылдау жұмыстары біздің мектепте жүзеге асырылып жатыр. Мектепке дейінгі және бірінші сынып пен бастауыш сыныптар, 9 сыныпқа дейінгілері жергілікті жерде оқиды. Мекен жайы ауысса, басқа жаққа көшетін болса, сонда ғана жақын мектебіне ауыса алады. Ал 11 сыныптың балалары қалаған мектебінде оқуға баруына таңдау жасауға құқығы бар. Олардың Түркістан қаласына да қатынап, жоғарғы оқу орындарына түсу үшін қосымша репетиторлар жалдап, курстарға баруларына мүмкіндігі ашылады. Оған дейін мекен-жайы қай жерде орналасқан болса, соған жақын мектептерге барып оқиды. Бірінші сыныпқа келетін оқушылар 1 сәуірден бастап 1 тамызға дейін қабылданды. Қазіргі кезге дейін 120 баланың құжаттары қабылданды. Мектеп алды даярлық сыныптарына әлі күнге дейін қабылдау жүргізілуде. Оған да тоқсан бала келеді деген болжамымыз бар. Жалпы биылғы оқу жылына дайындығымыз ойдағыдай деп айта аламыз.

 

— Енді осы жаңадан ашылатын екі мектептеріңіз бар. Олардың бәріне мұғалімдер жеткілікті ме? Жеткілікті болғанымен біліктілігі жоғары сапалық деңгейде ме?

— Қазіргі таңда біздің мектебімізде 165 мұғалім бар. Оның үшеуінде ғана арнаулы оқу орындарының дипломы бар. Қалғандарының барлығы жоғары білімді. 15 шақты магистріміз бар. Мұғалімдеріміз заңда белгіленген тиісті мерзімдерінде аттестациялық сынақтардан өтіп жүр. Алты мұғаліміміз шебер-сарапшы. 25 мұғаліміміз аттестациялық сынақтан өтуге өтініштерін тапсырды. Олар бірінші қыркүйекке дейін аттестациялық сынақтан сүрінбей өтсе, біліктіліктері де жаңаша бағаланып, айлық жалақылары да өсетін болады. Биылғы оқу жылынан, 1-қыркүйектен бастап мектеп алды даярлық сабақтарын өткізетін тәрбиешілердің де айлық жалақылары өседі.

 

— Биыл киелі шаһарымыздың облыс мәртебесін алғанына бес жыл толып отыр. Осы аралықта мұғалімдердің сапалық деңгейі өсті ме? Облыстық, республикалық байқауларда топжарғандарын атап өте аласыз ба?

— Әрине, Түркістанның облыс орталығы атануы барлығымыздың рухымызды көтеріп қана қойған жоқ. Мұғалімдеріміздің де біліктілігін көтеруіне себепші болды. Өйткені, Оранғай қала іргесінде болғандықтан мұғалім-дер арасында білімі жағынан бәсекелестік те жоғарылады.

Биылғы жылы біздің мектебімізді 69 бала бітірген болса, солардың 25 мемлекеттік грантқа ие болды. Қалғандары қасымыздағы Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Алматы қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына, техникалық колледждерге таңдаған мамандықтары бойынша тапсырды. Біздің мектепте 30 пайыз өзбек ұлтының оқушылары көп болғандықтан жоғарғы оқу орындарына тапсыруы қиындық келтіріп отыр. Ал қазақ бөлімін бітіргендердің дені мемлекеттік гранттарға өтуге онша қинала қойған жоқ. Былтырғы жылы 21 бала мемлекеттік гранттарға ие болса, биылғы жылы ол меже 25-ке орындалып отыр. Сапалық құрамы бойынша мұғалімдердің жиырмадан астамы біліктілік деңгейлерін өздерінің қалаулары бойынша Назарбаев мектебі секілді біліктілігін жетілдіру институттарында оқығаны туралы сертификаттарымен көтеруде. Мен өзім де мектеп басшыларына арналған тоғыз айлық және алты айлық менеджменттік курстарды бітірдім. Бұл ізденістердің барлығы мұғалімдеріміздің уақыт талабына сай болып, оқушыларға сапалы білім беру жолындағы өзіндік ізденістерінің нәтижесі деуге болады. Бұл арнайы белгіленген кесте бойынша жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

 

— Ғылыми тұрғыда, олимпиадалық байқауда жеңіп, болмаса спорттық жетістігімен осы мектептің атын шығарып, даңқын асырып жатқан оқушыларыңыз бар ма?

— Иә, бар. Биылғы жылы республикалық пәндік олимпиада болды. Сол 2022-2023 оқу жылында олимпиада бойынша аудандағы елуге жуық мектептің ішінде жүлделі екінші орын алдық. Он екі бала ауданда өздерінің сүйікті пәндері бойынша жүлделі орындарға ие болды. Біреуі облысқа жолдама алды. Қалғандары екінші, үшінші орындарға қол жеткізді. Ал спорттық жарыстар бойынша біздің мектептің оқушылары дойбыдан, еркін күрестен, тоғызқұмалақтан үлкен жетістіктерге жетіп жүр.

Бесінші сыныптағы екі оқушымыз әлем кубогі үшін Ташкент қаласында өткен жарысқа қатысып қайтты. Абдулла Арман мен Құдайберген Нұрасыл екеуі де екінші, үшінші орындарға ие болды. Ол екеуі де Қазақстанның чемпиондары. Біздің Сымбат Мырзахан деген қызымыз Қызылорда қаласындағы қыздар арасындағы дойбыдан жарыстан Бас жүлдемен оралды. Қазақстан біріншілігінде үнемі бірінші, екінші орындарды алып жүр. Біздің ұл –қыздарымыз 10-16 жас аралығындағы төрт категория бойынша үнемі жүлдеге ие болып келеді. Олар облыстан бірінші орын алса, Республикалық жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алуда. Мектеп бітірген түлектеріміз де Республикада топ жарып жүр. Мектеп оқушыларымыз облыста тоғызқұмалақтан үнемі алда келеді. Еркін күрестен бапкер Өтепберген Балақай дайындаған балуандарымыз Республика чемпионы атанды. 15-17 жастағы жасөспірімдер арасынан чемпиондарды күтіп алдық. Азия біріншілігінен үшінші орын алып, Әлем біріншілігіне жолдама алды. Бұлардың осы біріншіліктерге екі спорт кешенінде әзірленуіне мүмкіндіктері бар.

 

— Кезінде мұғалімдердің саяси науқандарға, қоғамдық жұмыстарға жиі тартылуы, есеп берулердің жиілігі қағазбастылығы көп айтылды. Осы мәселелер сіздерде қалай шешілуде?

— «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң 2019 жылы министр Аймағамбетовтың тұсында күшіне енгізілді. Соған байланысты қазіргі кезде біздің бірде-бір мұғаліміміз қоғамдық жұмыстарға тартылмайды. Ол мәселе «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң шыққан бойда тоқтатылды. Әрқайсысы өз пәндерімен және бос уақыттарында сол саласы бойынша біліктіліктерін жетілдіруі ісімен айналысады. Бір енді мектептің айналасын көкжелектендіру, абаттандыру жұмысына өз еріктерімен қатысады. Биология, география пәндері бойынша мектеп маңына бау-бақша егуге қатыса алады. Кешегі Парламент Мәжілісі, облыс, аудан мәслихаттарына депутаттарды сайлау науқаны кезінде мектептегі алаңды, конференция залдарын бердік. Мұғалімдеріміз өздерінің еріктерімен сайлау үдерісіне қатысты. Мен өзім мәселен осы сайлау округі комиссиясының төрағасы болдым. Оның құрамында жеті адам болса, соның үшеуі ғана мұғалім болды. Ал сайлауларға ауылдастарымыз ұйымдасқан түрде белсенді қатысты.

Түркістанымыз ежелден Тұран өлкесі деп аталған. Киелі де қасиетті шаһарымызда қаншама билер, әулие адамдар жатыр. Түркістанға түркі дүниесінің рухани астанасы деген атақ берсе артықтық етпейді деп ойлаймын. Елімізде Алматы, Астана, Шымкент халқы миллионнан асты. Қазіргі кезде Түркістан облысына мемлекеттік тілді білмейтін, білсе де шала білетін мемлекеттік қызметкерлер орта жақсы қалыптасқандықтан қазақшаны тез үйренді. Себебі, бүкіл адами байланыс құралы осы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Дүкен, базар, қоғамдық көлікте барлық тілдік орта қазақ тілінде атқарылады. Мұнда мемлекеттік тілге үлкен қолдау бар.

Түркістан қаласына қандай ерекше мәртебе берсе де лайықты. Жан-жақты рухани, сәулеттік, туристік бағдарда да кешенді түрде дамып келеді. Түркістанның өркениеті осыдан мыңдаған жылдар бұрын мойындалып қойған. Осы әулие, әнбиелер, би-батырларымыз жатқан киелі шаһарды ешкім де көшіріп әкете алмайды. Алыс-жақын шетелдерден зиярат етушілер көптеп келеді.

Қазіргі ғаламдандыру бастама-сы керек те шығар. Бірақ біз ғаламдандыру бастамасына көзі-мізді жұмып кіріп кетпей, өзіміз-дің мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан қазақи болмысымыз-бен, салт-дәстүрімізбен кіруіміз керек. Біздің жастарымыз қазіргі IT технологияларды жетік біліп, қолданып қана қоймай, атқа қонып, домбыра шерту, ұлттық ойындарды меңгере білуі тиіс. Кола, пепси секілді сусындарды алмастыратын қымыз, қымырандар ішсе, әлдеқайда қуатты болар еді.

2023-2024 жаңа оқу жылында аудандағы барлық оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз бұдан да зор табыстарға жете берсін деп тілеймін. Қазір ұстаздар ұжымы біздің мектепті де Қазақстандағы «Үздік 100 мектеп» қатарына енгізуге тырысудамыз. Осы Қазақстандағы «Үздік 100 мектеп» құрамына әзірге Сауран ауданынан енген Иқан және Яссауи мектебі бар. Біздің сол мектептер қатарына жетсек деген үмітіміз зор. Білім саласында қанатқақты жобаларды алдымен Түркістан облысынан бастаса жолы ашылады деп ойлаймын. Себебі, түркі дүниесінің рухани киелі шаһарының тарихи маңызы зор.

 

— Сұхбатыңызға үлкен рахмет.

Ескендір ЕРТАЙ.