ӘРБІР АЙМАҚ МӘДЕНИЕТІМЕН КӨРІКТІ

269

Құрылғанына жыл тола қоймаған Сауран ауданының жағымды жаңалықтары бүгінде елдің еңсесін көтеріп, шаруаны шабыттандырып, жастарды жігерлендіріп жатқаны жасырын емес. Елді мекендермен тығыз байланыс орнап, аудан жұмысы жанданып жатқаны көңіл қуантады. Осы орайда игі істерімен, мәдени іс-шараларымен аудан халқының жақсы атын шартарапқа танытып жатқан мәдениет бөліміне ат басын бұруды жөн көрдік. Сауран аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Жұмабековамен сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Жанар Жаңабекқызы, басылым мен өзге де ақпараттық жүйелерде Сіздер туралы хабарлар өте көп. Әсіресе, біздің оқырмандар мәдениет саласында нендей жағымды жаңалықтар болып жатқандығын білгісі келеді.

— Қазір өткен жылдың есебін қорытындылап біттік. Жалпы, өткен жылы өткізген басты шарамыздың бірі «Домбыра үні мен бой көтерген жаңа Сауран» атты Ескі Сауран қалашығында домбыра күніне орай, өткізген шарамыз болды. Одан бері де мемлекеттік қызметшілер күніне орай, Шаға ауылдық округінде өткізілген жарыстар.

Халықтар достығын, ынтымағын дәріптеп отыру біздің басты мақсатымыздың бірі. Ауданда өткізілетін мәдени шараларға өзге ұлттар мен ұлыстардың өкілдері белсене араласады. Мәселен, 2021 жылы Жүйнек ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сондағы «Дилшод» өзбек халықтық фольклорлық ән-би ансамблі «Бірлік болсын елімізде» атты концерттік бағдарламасын көрсетті.

«Киіз басу өнері көшпенділер мұрасы» атты шарамызды ақпарат құралдары мейлінше жазды. Жалпы, осындай шаралардың ұзын саны 60-қа жуықтады. Ал, оған кітапханаларда өткізілген 40-тай танымдық шараны қосыңыз. Сонда бөлім құрылғаннан бергі әрбір күніміз көрерменмен, оқырманмен қауышумен өтіпті. Біздің міндет аудан жұртшылығының мәдениетін көтеру, арттыру.

 

— Жер-су аттарын өзгерту, олардың тарихи атауларын қайтару мәселесі қалай жүріп жатыр?

— Жалпы, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды кайта атау бойынша тиісті жұмыстарды қолға алып, облыстық ономастика комиссиясына ұсынуга кұжаттар әзірледік. «Әкімшілік –аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 25 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес, Сауран ауданы, Жібек жолы ауылдық округіне қарасты «30-разъезд» ауылының атауын «Ескі Сауран» деп өзгерту, 9 мектептің атауын қайта атау, Бабайқорған ауылдық округінің 8 жаңа көшесіне атау беру үшін жергілікті ауылдық округ тұрғындарының пікірін ескеріп, арнайы жиналыс өткізе отырып ауыстыруды ортаға салғалы отырмыз.

Аудан орталығы мен он екі ауылдық округтердегі көшелердің жалпы саны 508 екен. Талдау нәтижесінде олардың 344-і кісі аттары, 145-іне жер-су атаулары қойылғандығын көрсетті. Ал, 19 көшеге әлі атау берілмеген. Бүгінде сол көшелерге, яғни Бабайқорған ауылдық округіндегі 6, Жаңа Иқан ауылдық округіндегі 13 көшеге атау беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жуырда аудан әкімі Ғ.Рысбеков ауылдық округтерге шығып өзінің есебін береді. Ол кісінің есепті баяндамасының тезисі Сіздердің басылымда жарық көрді. Аудан халқы бүгінде онымен танысу үстінде. Біздер де аудан басшысымен бірге жүріп мәдениет саласына байланысты ұсыныс-пікірлеріне құлақ асатын боламыз. Және реті келіп жатса алдағы жоспарларымызбен таныстырамыз деген ойдамын.

 

— Жалпы, мектеп, бала-бақшалармен байланыстарыңыз қандай?

— Өзі қазіргі уакытта мектеп, бала-бақшалармен, кітапхананың үздік окырмандарымен ғана тығыз байланыстамыз. Індетке байланысты көптеген шараларды онлайн өткізудеміз. Ал, білім ошақтарымен байланысты нығайта отырып, алдагы уакытта ауданның мектеп оқушыларымен, бала-бақша бүлдіршіндерімен, белсенді жас ұстаздар қауымымен бірқатар танымдық іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Фейсбук әлеуметтік желісін ашып қарасаңыз, кітапхананың белсенді оқырмандары көптеген іс-шараларда өлең оқып, көріністер қойып, қандай жағдай орын алса да өздерінің өнерге деген құлшыныстарын, қызығушылықтарын көрсетуден жалықпайтыны байқалады.

 

— Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегіне тоқталып, аты-жөндерін атап өтсеңіз.

— Ауданда көненің көзінен келе жаткан барлық салт-дәстүр сақталған. Сонымен катар, әжелер қауымы өте белсенді. Бексұлу Жолдасбекова, Нышанкүл Жұманова, Гүлнар Өстеміркызы бастаган әжелер алқасы, аналар кеңесі жұмыстарын белсенді атқаруда. Атап өтсек, Əжелер алқасының төрайымы Абдуллаева Анаркүл, Аналар алқасының төрайымы Қасимова Ақмарал ауылдың қыз-келіншектеріне, жастарға салт-дәстүр және ұлттық ойындар, тағамдар, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретуде. «Киіз басу өнері — көшпенділер мұрасы», «Ибалы келін» сайыстары аудан көлемінде өткізіліп, халықтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері дәріптелді.

 

— Аудан халқының атқарып жатқан жұмыстарыңызға көңілі толады деп ойлайсыздар ма?

— Мұны, енді жергілікті халықтың өзінен сұрау керек (күліп). Әзірге теріс пікірін естіген емеспіз. Көпшілігі алғысын айтып, үлкендеріміз батасын беріп жатады. Осындай мәдени шаралар арқылы да аудан танылып жатыр деген ойдамыз. Өткен 2021 жылы 110-ға жуық шаралар ұйымдастырылды.

 

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Ата-бабаларымыздың көзінің қарашығындай сақталып келе жатқан қасиетті салт-дəстүрлерін, атап айтқанда кілем тоқу, текемет басу, алаша, ши тоқу, сырмақ сыру сияқты өнерді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген колөнер шеберлерімен, Бабайқорған ауылдық округіндегі клубта үйірмеге жастарды баулып, дәстүрімізді жаңғыртып жүрген әжелерімізбен бірге алдағы жоспарға сәйкес, осы киіз басу өнерін халықаралық деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік желі арқылы қызығушылық танытып жүрген жақын шет елдегі қандастарымыздан да көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ, баршаға мәлім, «Күймен оянған жаңа Сауран» шарасында қазақтың киелі күй өнерін дәріптеген болатынбыз. Осы игі шараны да ауданаралык шараға айналдырып, күй құдіретін заманауи үлгіде жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз.

 

-Әңгімеңізге рахмет!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.