«АУЫЛДАР ЖАҢА СИПАТТА ДАМИДЫ»

327

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ашылған Сауран ауданының орталығы Шорнақ кентінің бас жоспары түзілді. Қазіргі таңда Шорнақ кенті құрамына Қосмезгіл мен Аша ауылдары да кіреді. Аша мен Шорнақтың арасын «Қызылорда- Түркістан» теміржолымен бөліп тұр. Жақында ғана жасалған бас жоспарда темір жолдан оқшаулау жолағы қарастырылып отыр. Үш ауылдың аумағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль магистралының бойына орналасқандығымен маңызды. Яғни мұнда жол бойындағы қызмет көрсету және сауда нысандарын орнатуға мүмкіндік бар деген сөз.

Оның сыртында үш ауылға да «Арыс-Түркістан» су арнасы келіп жетеді. Ауылдарға магистральдық газ құбыры келіп тұр. Таяу арада табиғи көгілдір отынмен қамту жоспары жасалуда. Шорнақ елді мекені әлеуметтік-инженерлік көлік құрылымына сай еткізіліп, қолайлы экономикалық және қала құрылысын дамыту үшін болашағы зор әлеуетке ие. Осыған байланысты жобаланған аумақтың жалпы ауданы 4000 гектарды құрайды. Жер бедері тегіс. Қазіргі таңда ауылдың тұрғын үй құрылысы әртүрлі мөлшердегі жеке жер телімдері бар, бір қабатты үйлерден тұратын болады. Үй қабырғаларының негізгі құрылыс материалы арзан болуы үшін жергілікті саманнан жасалады. Шорнақ ауылы мен Қосмезгіл, Аша аумағының бас жоспарын жасау барысында кешенді мәселелер қамтылды. Оның ішінде тұрғын үй ғимараттары, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар салуға арналған алаңдар мен автожолдар түседі. Сонымен қатар, жалпы пайдаланудағы жасыл желектер жүйесі жасалады. Инженерлік- коммуникациялар мен құрылыстар бой көтереді. Ауылдың қолданыстағы және жобаланатын бөлігіндегі көшелер мен өтпе жолдар жүйесі заман талабына сай дамытылады. Елді мекендегі магистральдық жолдар бойындағы жаяу жүргіншілер тротуарлары жаңадан салынады. Ауылдың ортасындағы өзен жағалауы абаттандырылып, нығайтылады. Бас жоспардың тұжырымдамасында мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, спорт, сауда, қоғамдық тамақтандыру және коммуналдық қызмет көрсету нысандары үшін аумақтарды дамыту көзделіп отыр. Бұл ретте елді мекен санының өзіне сәйкес келетін есептік нысандардан басқа қоныстану аумақтары көзделген.

Жобада Шорнақ, Қосмезгіл, Аша елді мекендерін бірлесе дамыту қарастырылып отыр. Жеке тұрғын үй құрылыстарына арналған жобалық аумақтар құрылыс салудан бос аумақтарда зираттар мен инженерлік құрылыстардың санитариялық қорғаныш аймағы бой көтереді.

Тұрғын үй құрылыстарының негізгі бөлігі Шорнақ ауылының шығыс, оңтүстік-батыс бөліктерінде шоғырланады. Есептеулерге сәйкес, бұл аумақтар бар ауылды ықшам дамытуға мүмкіндік беретіндігімен бағалы. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтар атап айтқанда, көшелер, жолдар мен қорғаныш жасыл желектері тұрғындар үшін қолайлы да жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында қарастырылып отыр.

Бас жобадағы басты идея әкімшілік-іскерлік, қаржы мекемелері, мәдени-демалыс нысандары, сауда аймақтары спорт құрылыстары орналасатын орталық жасауға негізделген. Сонымен қатар, қоршаған ортаның санитарлық-гигиеналық жай күйінің сипаттамасы негізінде жобалау нормаларына сүйене отырып, тұрғын үй құрылыстары, қоғамдық және мәдени тұрмыстық нысандар телімдері, сондай-ақ коммуналдық және өндірістік аймақтар үшін көзделген аумаққа таңдау жасалды. Шорнақ ауылында бірінші кезекте қоғамдық орталық құру көзделеді. Ауылдың бір бөлігіне әлеуметтік, әкімшілік және мәдени-тұрмыстық сала нысандарын салу жоспарланып отыр.

Қоғамдық орталық ғимараттары Шорнақ ауылы мен Қосмезгіл ауылының ортасында бой көтереді. Бұл алаңда Сауран ауданының әкімшілік ғимараты, мәдениет үйі, дене шынықтыру сауықтыру кешені, стадион, прокуратура, сот, мемлекеттік-іскерлік орталықтар, саяжай мен алаңдар қарастырылған.

Жобада ауылдың басты күре тамыр жолдарын кеңейту, бульварлар салу қарастырылып отыр. Аша ауылын қосу мақсатында темір жол үстінен екі көпір салу жоспары бар. Жобада өндірістік және коммуналдық қойма аумақтары елді мекеннің оңтүстік батыс және батыс бөлігіне түсетін болады. Осылайша көшелер мен өтпе жолдар астындағы аумақтардың ауданы бірнеше есе ұлғаяды. Ауылдың қазіргі заман талабына сай болуы үшін көше жол желісін қайта жаңғырту мен дамыту міндетті шарт болып табылады.

Бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік, сауда нысандарының дені негізінен бюджет есебінен орындалатын болса, бірқатарын мемлекеттік кәсіпкерлік келісім-шарты негізінде және жеке инвестициялар есебінен қаржыландыру көзделеді. Бәрінен бұрын бұл ауылдарды кешенді дамыту заман талабына сай барынша жаңаша сипат алатын болады.