САУРАНДА ЖАҢА ПРОКУРАТУРАҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

179

Сауран ауданы прокуратурасының жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа ауданның сәулеттік стиліне үйлесімді 2 қабатты нысанның ашылуына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, құқық қорғау саласының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шарада Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті ауданның орталығында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды. Бұған дейін Түркістан мен Кентау қалаларының құрамында болған 12 ауылдық округ пен 36 елді мекен өз алдына жаңа Сауран ауданы болып құрылды. Бүгінде аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Бүгінгі күнге дейін аудандық әкімдік пайдалануға берілсе, міне бүгін прокуратура ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Сондықтан бүгінгі шараның салтанатты ашылуымен құттықтаймын”, — деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов.

Жиынға қатысқан қонақтар прокуратура ғимаратының алдына керілген лентаны қиып, ішін аралап көрді. Жаңа заман талабына сай салынған ғимарат толық құрал жабдықтармен жабдықталған. Аталмыш ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Бура-Югстрой» мекемесі жүргізіп, пайдалануға тапсырып отыр.

Шара соңында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов жаңа прокуратура ғимаратының ауласына тал отырғызу рәсіміне қатысты.