БАҺАДҮРДІҢ ЖАНЫНА БАҺАДҮРЛЕР БАРДЫ…”
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты һәм хатшысы Баһадүр Нарымбетов “құлақтан тебетін” емес, халық үніне құлақ асатын Қоғамдық кеңес құруға қарекеттенген сияқты. Ол Қоғамдың кеңестің мүшелерін жаңаша тәсілмен сайлаудың әдісін ойлап тауыпты. Қоғамдық кеңестің құрамына және жұмысшы тобына өзін “тықпалаудан” бас тартқанын байқатқан Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадүр Нарымьетовтың өзі былай дейді:
“Бүгін Шымкент қаласы мәслихатында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын іріктеу бойынша жиын өткіздім.
Жиынға жұмыс тобына үміткер кандидаттар, байқаушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру, соның ішінде Қоғамдық кеңестердің құзыретін кеңейтіп, жұмысын жүйелеуді тапсырған болатын.
Жолдауды іске асыру мақсатында 2021 жылдың 3 қаңтарында «Қоғамдық кеңестер туралы» заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, осы күнге дейін қоғамдық кеңестердің жұмысын қамтамасыз ету үшін қаржы қаралмаған, сондай-ақ, кеңестің барлық жұмысын үйлестіру Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының міндетінде болған. Бұдан былай заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету, қаржыландыруды қалалық мәслихат жүзеге асырады.
Бүгінде Қоғамдық кеңесте 5 бос орын бар. Енді қоғамдық кеңестің мүшелері жаңаша тәсілмен сайланатын болады. Бұдан алдын мәслихат хатшысы жұмыс тобының жетекшісі де әрі кеңес мүшесі де болған, алайда, қазіргі Заң талаптарына мұндай жағдай сай келмейді деп есептеп, Кеңес құрамына да, Жұмысшы тобына да өзімді ұсынбадым. Себебі, мен мәслихат хатшысы ретінде жұмыс тобын өзім бекітемін. Кеңесті қаржыландыруды қараймын. Сондай-ақ, жұмыс тобының бірінші отырысын жүргіземін, құрамын бекітемін және сандық құрамын конкурсты өткізгенге дейін айқындаймын. Міне сол себепті, бүгін Қоғамдық кеңесті қалыптастырушы жұмыс тобын қайта жасақтау бойынша шешім қабылданды.
Жұмыс тобының құрамына үміткер ретінде жалпы 10 азаматтан өтініш түскен. Оның 6 электронды түрде, 4 қолма-қол ұсынылған.
Жиын ашық түрде өтіп, кандидаттар Заң талаптарына сәйкес бір- біріне ашық дауыс берді. Конкурс нәтижесінде: Қоғамдық кеңесті қалыптастырушы жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен ең көп дауыс жинаған алғашқы 7 кандидат жұмыс тобының мүшесі болып бекітілді. Олар;
1. БӘШЕНОВ Ұлықпан Мусинұлы
Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
2. ДОСБОЛОВ ӘбілқасымҮсіпбайұлы
Қоғам қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
3. ДОСАЛИЕВ Қанатбек Балтабайұлы
«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты
4. ТУЙЕТАЕВ Балтабек Исақұлы
«ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ»қоғамдық бірлестігінің төрағасы
5. ДАЙРАШОВ Ербол
«ERNIYAZ» баспаүйінің директоры.
6. АЛИМБАЕВ Мұрат Нұрланұлы
«Алтын Орда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
7. ИСАХОВ МағжанШыңғысұлы
«ЖасОтан» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының басшысы
Жиынның соңында жұмыс тобының жетекшісі болып көпшілік дауыспен Ұ.Бәшенов сайланды.
Жаңа жұмысшы топ лайықты азаматтарды іріктеп, Қоғамдық кеңестің абыройын асыратынына сенімдімін. Іске сәт!-деп түйіндепті өз сөзін..
Баһадүр депутаттың бастамасын баянды етуге жиылған Қоғамдық кеңестің су жаңа “Бахадүр группасы” бақа есептің жетегінде кетпей, ел мүддесіне еңбек етеді деп сенгіміз келеді. Бос белбеу билікке тура қарап, тура сөйлеп машықтанған Нұрғазы Бұқарбаев “бұл Қоғамдық кеңестің “авторитетін” аласартпауға жасалған жаңа қадам және резервті күшейту”-дейді. Мықты, лайық кіл мықтылар құрамға еніпті. Жаңа қүрамнан жарқын іс, жақсы бастама күтеміз!
Ерсұлтан Әмірбек
“ARA-ақпарат”