ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ӘТКЕНШЕК ПЕН ҚОССЫРЫҚ

388

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы жүзеге асырылып келеді. Жас жеткіншектерді қолдауға арналған жобаға – ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және IT саласындағы 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар өтінім бере алады. 2022 жылы Шымкентте аталмыш грантқа 14 жоба ұсынылған. Сол жобаның бірін шымкенттік жас өнертапқыш ұтып алып, өз жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы спорттық алаңша орнатып берді. Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған Дияра Жолдасбайдың еңбегін өз көзімізбен көріп қайттық.

№23 мектептің 10 сынып оқушысы Дияра мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әткеншек пен қоссырық жасап, оны «Рахмет, саған анашым!» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық бірлестігінің алаңшасына орнатып берді.
–Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы спорттық алаңша жасау 2019 жылы еріктілер қатарында жүргенімде туындады. Содан бастап іздене бастадым. Мені ылғи да «арбада отырған жандар әткеншекке мініп көрсе, спортпен айналыса алатын мүмкіндігі болса екен» деген ой мазалайтын. Іздене келе Қазақстанда мұндай жоба жоқ екенін білдім. Шетелдік жобаларды қарай келе, өз нұсқамды жасап шығардым. Грант иегері атанғаннан кейін қала әкімдігінің және отбасымның қолдауымен, осы мекеменің алдына алаңшаны орнаттық,–дейді жас өнертапқыш.
«Рахмет, саған анашым!» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі ата-аналардың қолдауымен құрылған мекеме. Мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 20 бала күндізгі уақытта қатынайды. Мекеме басшылығы алаңша үшін ризашылығын білдірді.

–Дияраның біздің мекемені таңдағанына қатты қуандым. Дені сау жандар мұндай ерекше балалар туралы ойлана бермейді. Біздің орталық 2017 жылы ашылды. Мемлекеттен 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға көрсетілетін қолдау көп. Бірақ 18 жастан кейін күндізгі уақытта қызмет көрсететін осындай орталықтар жоқ. Сол себепті біз ерекше балалардың аналары бірігіп, осы орталықты өз үйімнен ашқан болатынмын. Өкінішке орай, мұнда тек 20-25 баланы ғана қамти аламыз. Ал орталыққа келгісі келетін балалар көп. Сондықтан болашақта қолдау болып жатса, ғимаратты үлкейтуді мақсат етіп отырмын. Орталықта балалар сегіз түрлі бағытта қызмет алады, ойнайды, көңіл көтереді, шығармашылықпен айналысады. Әткеншек пен қоссырықтың орнатылғанына балалар қуанып жатыр. Өте ыңғайлы жасалған, қоларбада отырып әткеншекте тербелуге болады. Дияра сияқты мейірімді оқушылар көпке үлгі деп ойлаймын,– дейді орталықтың басшысы Алмагүл Кенжетаева.
Дияраның ата-анасы қызының жобасына қолдау білдірсе де, мұндай грантқа қатысып жатқандығын білмепті. Үш бала тәрбиелеп отырған қарапайым отбасы қызының жобасына қаржылай да қолдау жасадық дейді.
–Мен қызымның қандай грантқа қатысып жатқанын білмедім. Әкесі екеуміз таңның атысы, кештің батысы жұмыстамыз. Жұмыстан келген уақытта қызымның компьютерде жұмыс істеп отырғанын көретінмін. Жоба дайындап жүргенінен хабардар болдық. Бірақ оның мұндай пайдалы әрі ауқымды дүние екенін білмедік. Грантты ұтып алған кезде жұмыста отырғанымда қызым хабарласып, мән-жайды айтты. Сол кездің өзінде ешнәрсені түсінбей қуанышымды білдіре алмаппын. Қаражатын алғаннан кейін, оны жасап- орнатуға қаржы жетпейтінін білдік. Әкесі екеуміз ақылдаса келе жетпегенін қосып, қызымыздың бетін қақпай іске асыруға көмектестік,–дейді Дияраның анасы Мәдина Тимурқызы.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,- деп Абай атамыз айтқандай, бойындағы талантын көрсете білген Дияра алда биік белестерді бағындыратыны сөзсіз. Мейірім мен ізгіліктің өнегесін көрсеткен таланатты оқушының бұл ісі көпке үлгі болатын үлкен іс деп айтар едік.