Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру маңызды

16

Қазіргі жас ұрпақ – Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі, ел үміті. Осы орайда Түркістан қаласының барлық мектеп оқушыларына арнап патриоттық рухты оятуға бағытталған үндеу жолданады. Түркістан – рухани астана, тарих пен дәстүр тоғысқан киелі мекен. Мұнда білім алып, ер жетіп келе жатқан әрбір оқушы — ел болашағы үшін жауапты азамат. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ патриот болуға болады. Ол үшін өз еліңе құрметпен қарау, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, тілді, дінді, салт-дәстүрді білу мен бағалау — үлкен бастама болмақ. Патриотизм – тек ұран емес. Бұл — жан-тәніңмен елге қызмет етуге ұмтылу, білім алуға, еңбек етуге, тәртіпті сақтауға, қоғамға пайда әкелуге тырысу. Түркістан қаласының оқушылары бұл құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, туған жерін мақтан тұтатын ұрпақ болып қалыптасуы тиіс.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі ұстаз, дәрігер, инженер, ғалым, ел басқарушысы. Қай салада болмасын, елге адал қызмет ету үшін алдымен патриоттық сана қажет. Түркістанның білім ордалары патриот тәрбиелеуді басты бағыт ретінде ұстанып келеді. Сынып сағаттарында, танымдық іс-шараларда, тарихи ескерткіштерге саяхаттарда оқушылар Отан тарихын терең танып, ұлттық сана қалыптастырып келеді. Осы үндеу арқылы Түркістан қаласындағы барлық оқушыларға арнап айтарымыз – Отанға деген сүйіспеншілік тек үлкен істерден емес, қарапайым күнделікті тәртіптен, адалдықтан, білімге ұмтылыстан басталады. Отанды сүю – туған қаланы сүюден басталады. Түркістандай тарихи жерде тұрып жатқан әрбір жас өз бойына елдік рухты сіңіріп, болашаққа нық қадам басуы керек.

Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру. Осыған байланысты оқу-тәрбие үдерісінде жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, елін, жерін құрметтеуге үйрету, шыншылдыққа тәрбиелеу қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі.Бұл бағытта өзінің зор мүмкіндігімен мектеп мұражайларының атқаратын ролі жоғары деуге болады.