Мемлекеттік рәміздер – Түркістан рухын айқындайтын ұлттық құндылық

19

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – ел егемендігінің, бірлігі мен тұтастығының айшықты белгісі. Ту, Елтаңба және Әнұран – әрбір азаматтың жүрегіне Отанға деген мақтаныш пен адалдық сезімін ұялататын қасиетті нышандар. Осы рәміздерге деген құрмет – тек заңдық міндет қана емес, ұлттың өз болмысына, тарихи санасына деген адалдығының көрінісі. Тарихы терең, рухы биік Түркістан қаласы – қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының қасиетті мекені. Бұл қалада ел бірлігі мен мемлекеттілік идеясы ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келеді. Түркістанда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – ұлттық тәрбие мен тарихи сананың ажырамас бөлігіне айналған.

Қала көшелеріндегі мемлекеттік Тудың желбіреуі, білім беру мекемелерінде өткізілетін рәміздерге арналған арнайы іс-шаралар, мектеп оқушылары мен жастар арасындағы патриоттық тәрбие – мұның бәрі рәміздерге деген құрметтің көрінісі. Әрбір мемлекеттік мекемеде, әрбір оқу орнында, тіпті жеке кәсіпкерлік нысандарда рәміздердің дұрыс орналасуы мен оларға лайықты көзқарастың қалыптасуы – Түркістан халқының азаматтық мәдениетінің айғағы. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңына сәйкес, әр азамат Туға, Елтаңбаға және Әнұранға құрметпен қарауға міндетті. Бұл талап Түркістан қаласында барынша жүйелі орындалып келеді. Мектептерде арнайы түсіндірме сабақтары, сынып сағаттары, патриоттық форумдар өткізіледі. Сонымен қатар қала жастары арасында рәміздерді насихаттау мақсатында түрлі челлендждер, патриоттық флешмобтар мен өнер байқаулары ұйымдастырылуда.

Түркістан – ұлт рухының алтын бесігі. Бұл қалада өмір сүріп жатқан әрбір азамат өз болмысына, өз Отанына деген сүйіспеншілікті ең алдымен рәміздерге деген құрмет арқылы танытады. Себебі Ту – тәуелсіздіктің нышаны, Елтаңба – елдік пен мемлекеттіліктің символы, Әнұран – ел рухының үні. Бүгінде Түркістан қаласының тұрғындары мен жастары мемлекеттік рәміздерді қастерлеу арқылы елдік сананы нығайтып, ұлттық бірлік пен ынтымақты арттыруға сүбелі үлес қосуда. Бұл — ел болашағы үшін маңызды қадам, ұрпақ тәрбиесіндегі басты құндылық.Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – Отанға деген адалдықтың, елге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Ал бұл құндылықтар Түркістан жұртының жүрегінен берік орын алған.