САРЫАҒАШ АУДАН АУМАҒЫНАН КІРПІШ ЗАУЫТЫН АШУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында:«Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деп атап өткен болатын.
Осы ретте, бүгін Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев ауданға инвестиция тарту мәселелері бойынша шетелдік инвесторлармен кездесті.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаты Қайрат Пердеқұловтың бастамасымен келген қытайлық инвестор Жан Шаулин аудан аумағында құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын кірпіш зауыты жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, жиынға қатысқан кәсіпкер Әлімсейіт Қошқаров осы саладағы өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Инвесторлармен пікір алмасқан аудан әкімі Арман Абдуллаев өндіріс орнын жаңадан қалыптасып жатқан «Дарбаза индустриалды аймағында» орналастыруды ұсынды. Сонымен қатар, аудан басшысы стратегиялық маңызы бар құрылыс жобалары: «Дарбаза–Мақтаарал теміржолы», сондай-ақ «айналма жол» құрылысы жөнінде ақпарат беріп, аталған жобалардың аймақтың логистикасы мен өндірістік әлеуетін арттырудағы рөлін атап өтті. Аудан әкімі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне инвесторларға тиісті аумақты таныстыру тапсырылды.
Айта кетсек, ауданға жаңа инвесторлардың келуі және өндіріс нысандарының ашылуы — аудан бюджетінің ұлғаюына, экономикалық дамудың жеделдеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосады.








