САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

5

Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында заңсыз ойын бизнесімен күрес, алаяқтық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, табиғатты қорғау заңнамасы мен жер қойнауын заңсыз пайдалану деректеріне тосқауыл қою бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Аудан аумағында заңсыз ойын бизнесінің алдын алу және салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында уәкілетті органдармен бірлескен кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағыттағы профилактикалық шаралар тұрақты бақылауда.

Екінші мәселе бойынша, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, интернет және қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері мен тиісті мекемелер тарапынан жүйелі іс-шаралар атқарылуда.

Үшінші мәселе аясында ауданда жер қойнауын пайдалану мақсатында рұқсат құжаттарын алған 28 заңды тұлғаның қызметі қаралды. Оның ішінде 11 кәсіпорын келісімшарт негізінде, 17-сі лицензия арқылы жұмыс істейді. 2023–2025 жылдар аралығында заң талаптарын бұзған 4 жер пайдаланушының келісімшарттары уәкілетті орган тарапынан мерзімінен бұрын уақытша тоқтатылған.

Тұрғындардан заңсыз карьерлерге қатысты арыз-шағымдардың артуына байланысты рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Сонымен қатар, лицензиясы бола тұра жер учаскелерін заң талаптарына сай рәсімдемей қазу жұмыстарын жүргізген 10 заңды тұлға анықталып, ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлы қабатын бүлдіру деректері бойынша материалдар құзырлы органдарға жолданды. Аудан әкімі заңсыз карьерлер мен артық жүк тиеген көліктерге қатысты мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын және бұл бағыт өзінің тікелей бақылауында болатынын атап өтті.