ҚОСҚОРҒАНДЫҚТАРДЫҢ ҚОС ҚУАНЫШЫ

137

Оранғайдың іргесінде осы округке қарасты Қосқорған ауылының халқы қос қуанышқа кенелді.

Біріншісі, Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамашылығымен соңғы екі жылдан бері Кентау-Қосқарған су қоймасы салынған болатын. Көктемде онда 18,2 млн текше метр су жиналған болатын. Қазіргі кезде арнайы тасарықтар арқылы Түркістан қаласының бау-бақшаларына су жеткізілуде.

Ұзақ жыл Қосқорған мектебінің директоры қызметін атқарған Тайыр Басановтың айтуынша, бұл ауыл адамдарының бейнетқорлығы оранғайлықтардан бірде кем емес. Мұнда 250-дей үй бар. Тұрмыстары жайлы. Жер астынан шығып жатқан 11 ағын су көзі болғандықтан, егінге де, малға да, көкөніс, бау-бақшаға да аса қолайлы. Өнімді өткізуге Кентау да, Түркістан да тиіп тұр.

Екінші қуанышы, Қосқорған маңынан 350 гектар жер бөлініп, арнайы экономикалық аймақ ретінде қарастырылуда. Осы алып қойма салынғалы бері Қосқорғанның жер асты суы да молайып, платина маңынан қарқынды бау егуге мүмкіншілік ашылып отыр. Оған бес гектардай жер бөлінгелі тұр.

Биылғы жылы «Әль-Береке» кооперативі құрамындағы бірқатар қосқорғандық кәсіпкерлер мен фермерлер «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына екі пайыздық, бес жылға арналған несие алу үшін құжаттарын өткізуде.

Оранғай ауыл әкімінің орынбасары Фархад Байметовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының ең бір жақсы жері фермерге бес жылға жеңілдікті несие бергенімен қоймай, бірінші жылы кәсіпкер шаруашылығын дөңгелетіп, жағдайын дұрыстап алғанға дейін каникул беріледі екен.

Мәселен, «Қосқорған» ауылының тумасы Шамансұр Мәжитовтің өзі де, келіншегі де мектепте жұмыс істейді. Жұмыстан тыс мезгілде есік алдындағы 4,5 соттық жердегі екі жылыжайға егілген қиярларды баптайды. Бұл кәсібін 2014 жылы бастаған екен. Жылына екі рет өнім алады. Алдымен жылыжайға 800 мың теңге жұмсаған. Пайдасын бір маусымда-ақ шығара бастаған. Бұрын Ресейдің «Кураж» атты қиярын өсірсе, қазіргі кезде Голландиялық тұқымнан шығарылған «Тұран» қиярын өсіріп жатыр. Шымкент қаласынан әкелген табиғи өнім «Активбио» тыңайтқышы арқылы өнім көлемі еселеп артқан көрінеді. Биылғы өнімі 27 күнде пісіп, енді таусылуға жақындады. Ол «Әль-Береке» кооперативінің мүшесі.

-Мен бұл кооперативке мүше болып кірген себебім, «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасының бір шарты несиеден үміткер кооператив мүшесі болуы тиіс. Кооперативтің бір тиімділігін айтайын. Мәселен, менің өнімім қияр басқалардан ертерек піссе, жақын маңға қымбат бағаға сата аламын. Барлық өңірде қияр базарға шығарыла бастағанда, менің қиярымның бағасы да арзандайды. Сол кезде кооператив басшылығына шығып, солтүстік өңірлерге жеткізуге тырысамын. Қалған параметріне келмейтін қисайып-мисайған қиярлардан турап-турап, банкіге тұздап, қысқа әзірлейміз. Жалпы ешқандай қалдықсыз өнім болып шығады. Биыл «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдікті несие алсам, жылыжайды алты соттыққа өсірмекпін. Қазір құжаттарымды түгел өткіздім. Комиссияның шешімін күтіп жүрмін,-дейді әрі ұстаз, әрі кәсіпкер Шамансұр Мәжитов.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей Шамансұрдың ұлы да жазғы каникулды босқа өткізбей, бие сауып, көрші-қолаңдарға саумал ретінде сатып, базарға қымыз, құрт, айран шығарады екен. Болашақта омыртқасына зақым келген және мүгедек балаларды атқа мінгізіп, иппотерапиямен де айналысқысы келеді екен. «Істің өзін тапқанша, көзін тап» деген мәтел осы Шамансұр Мәжитовтің отбасына арналғандай.