«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ»  АБЫРОЙЫ

180

Сауран ауданында екі ауылдық округ қана «Ауыл аманаты» бағдарламасына еніп, мемлекет тарапынан берілетін екі пайыздық несиеге қол жеткізіп отыр.

Оранғай ауылдық округі әкімінің орынбасары Фархад Байметовтің айтуынша, бұл бағдарламаның өте сәтті бірнеше басымдықтары бар. Біріншіден, ауылдастардың бір-біріне арқа сүйеп, өзара одақтасып, «жұмыла көтерген жүк жеңілдің» жолымен жүреді. Қазіргі таңда ауылда екі ірі кооператив бар. Бұл Кеңес Одағы кезіндегі колхоздарға келіңкірейді. Алайда, кезінде күштеп құрылған колхоздарға қарағанда еркіншілігі бар. Себебі, өз күшіне сенген кооператив мүшесі жеңілдетілген несиені өз алдына пайдаланып, өз күшімен шаруашылығын жүргізе алады. Мәселен, «Әль-Береке» кооперативінде 177 адам бар. Олардың барлығы өсімдік шаруашылығымен айналысады.

Оранғай ауылдық округінің әкімі Сыздық Пирметовтің баяндауынша, ауылдық округтегі жер көлемі 47579 гектар болса, оның 16742 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Суармалы жерлері 1872 гектар. 2023 жылы жалпы 2670 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Биылғы жылғы өнімге күздік бидай 285 гектар егілді. Көктемгі және күзгі далалық жұмыстарына Оранғай ауылдық округі бойынша бөлінген жеңілдетілген жанар-жағар май 220 тонна болса, бүгінгі таңда 220 тоннасы ауылға жеткізілді.

Оранғайлықтар негізінен күздік, жаздық бидай, мақта, мақсары, картоп, көкөніс, жүгері, жоңышқа, бақшалық дақылдар егеді. Өнімді ұқсата пайдаланып, көкөністерді қалбырға салып, қысқа сақтауға әзірлесе, дәнді дақылдарды диірменге тартып, ұн шығарады. Ең соңғы өнім ретінде нан жауып, түрлі нан өнімдерін шығарып, оранғайлықтарға және іргедегі Түркістанға, Кентауға жеткізеді. Қиналып қалған фермерлерге кооператив қол ұшын береді. Мәселен, қауын-қарбызды, қияр, қызанақты солтүстік облыстарға, Ресейге жеткізу керек болса, кооператив ірі рифрижаторлы жүк көліктерімен, Камаздармен тасымалдауға көмектессе, егінді жинау кезінде комбайндарымен көмектесе алады.