ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕЙТІН ҚАДАМ ТҮРКІСТАНДА САНЫ АРТА ТҮСПЕК

204

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаладағы бірқатар әлеуметтік желі белсенділерімен кездесті. Басқосуда қолға алынған істерді тілге тиек етіп, алда атқарылатын жұмыстарымен таныстырды. Өзекті деген мәселелерді сөз еткен әкім әсіресе, қаланың инфрақұрылымын қалыптастыру мен әлеуметтік саладағы жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

«Түркістан қаласында 845 шықырым жол бар. Қазіргі таңда оның 310 шақырымы ғана қанағатты жағдайда. Алдағы уақытта халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында адам көп жүретін орталық көшелерге асфальт төсеу, топырақ жолдарға тас төсеу жұмыстарын қолға алмақпыз. Сондай-ақ, шаһардағы өзекті мәселе газдандыру жұмыстары. Қала көлемінде 52 мың абонент бар. Оның 49 мыңы жеке тұрғын үйлер.  Қазіргі таңда көгілдір отынмен қамту жұмыстары 87 пайызға аяқталған. 100 пайызға жеткізу біршама қиындықтар туғызады. Бірақ алдағы алты айлық жоспарда осы мақсатта жұмыстар жүргіземіз», — деген шаһар басшысы бұдан бөлек, жарықтандыру, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары жайында да айтып өтті.

Иә, қарап отырсақ атқарылған жұмыстар аз емес. Еркін форматтағы кездесуге келгендер Түркістанды түлету жолындағы ұсыныс-пікірлерін жасырып қалмады. Бұл жерде де әлеуметтік сала мен инфрақұрылым қызметі жиналғандар тарапынан сынға алынды. Әкім сауалдарға байыпты әрі нақты жауаптар беріп, тарихи шаһарды дамытуға қатысты тың ұсыныстар күтетінін жеткізді.

Айта кетерлігі, басқосуда біршама ұсыныстар ортаға салынды. Соның ішінде  «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Е.Шалтан қала тазалығына қатысты жауапты мекеме жұмысына тұрғындардың құрметпен қарауын және тазалық мәдениетін қалыптастыруға көп болып атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әдемау Толысбаева: «Осы күні есеп үшін жасалып жатқан жұмыстар көп. Халық пен билік арасы біршама алшақтаған. Үкіметтік емес ұйымдармен билік арасында шынайы байланыс орнаса. Қаланың иесі «әкім» деп емес, қаланың иесі «халық» десе ғана жұмыс жүреді. Еңбек өнімділігіне жұмыс жасасақ мәселелер азаяр еді. Сонымен қатар, мәдениетті қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар жасауымыз керек. Бұл нәтижені бірден беретін мезеттік дүние емес», — деді. Бұл мәселеге өз тарапынан қолдау білдірген шаһар басшысы алдағы уақытта осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.

Қаламыз 6 секторға бөлініп, сол аумақтағы тұрғындар ішінен меңгерушілері тағайындалған болатын.  Игі бастама халық пен билік арасындағы алшақтықты жоюға сеп болмақ. Әкімнің айтуынша қала тазалығына енді сектордағы кәсіпкерлер де өз үлесін қоса алады. Қазіргі таңда 875 көшенің 136 көшесі жауапты екі мекеме есебінен тазаланып, қалған көшелерді сол аумақтағы жұмыс жасауға ниетті кәсіпкерлерге жүктемек. Аяқтан тұрғанға дейін 2-3 ай көлемінде бюджет есебінен қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл қала тазалығымен қатар, кәсіпкерлерге де жұмыс көзі болмақ. Сондай-ақ, мемлекет есебінен салынған балалардың ойын және спорт алаңшаларын сақтау мақсатында  сенімгерлікпен кәсіпкерлерге берілмек. Осы төңіректегі тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздеген істердің және оны тиімді пайдалу жолындағы нақты қадамдардың қатары арта беретінінін жеткізген қала әкімі БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі белсенділерімен тоқсанына бір басқосуды жүйелі түрде жолға қоятынын атап өтті.