ШАЙЫРДЫҢ ЖАҢА ЖЫР ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

356

«Farab» кітапханасында ақын Бақытжан Дүкенбайдың «Құмсағат» жыр жинағының тұсаукесер кеші болып өтті.

Шараға ақынның ұстазы, жинақтың алғысөз авторы Батыржан Бимаханбетов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов, қалалық мәслихат депутаты Ақиқат Абдулаев, облыстық «Farab» кітапханасы директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы, облыстық қоғамдық даму басқармасы  «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерасыл Төлебаевтар  кештің құрметті қонақтары қатарында қатысып, кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар, жырға ғашық шаһар оқырмандары сахна төрін толықтырды.

Айта кетейік, Бақытжан Әбенұлы Дүкенбей 1994 жылы 6 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан жоғары медицина колледжінің түлегі. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. «Құмсағат» – ақынның алғашқы жинағы. Кітаптың редакторы Арқалық Әмәлиятұлы, корректоры Назерке Башар, мұқабасын жобалаған Тілек Ырысбек, көркемдеп беттеген Қойшыбек Мүбарак.

Салмағы мен сүрлеуі ерекшеленіп, мазмұны мен көркемдігі көптің көңілінен шыққан кештің рухани тағылымы терең. Былайша айтқанда,  ақынның сөнбес сәулесінің көрінісі. Ол – жүдеген жанына тынышсыз қоғамнан тыныштық іздеді. Тағдыры мен таң нұры да шуағын шашпаған ақын жаны іңір мен кешкі сам жамыраған сақи кештерге мұңын шақты. Жанының кірлегенін қаламады, жүрегінің жеңілмеуін тіледі. Солай болса деп өлеңдер жазды. Өлеңдері тағдырының көшірмесіндей ауыр, періштенің сыбырындай жеңіл, пенденің күбіріндей әлсіз, жартастың жаңғырығындай сырлы, таулардың биігіндей маңғаз, табиғат тіліндей құпия. Ол тағы да жыр жазып отыр. «Айт дедің-ау, не айтам…» деп тұншыққан қаламы қағаз бетіне өмірдің әділетсіздігі мен қоғамның кіршеңдігін жиі жазады. Ақынға бұндай өлеңдері ұнаған емес. Жыртылған парақ, өртелген өлең, көмілген шер, төгілген тер, өтеусіз еңбек… Бұл – оның тағдыр жазбасы.