ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ШЫМКЕНТТЕ ПОЛИЦИЯ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАҢ ТУРАЛЫ МУЛЬТФИЛЬМ ҰСЫНДЫ

93

Шымкент қаласының Орталық саябағында полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен түсірілген «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты анимациялық фильмнің алғашқы бөлімі көпшілік назарына ұсынылды. Премьера ашық аспан астында, үлкен LED-экранда көрсетіліп, шараға 500-ден астам бала қатысты.

Жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Мультфильм балаларға заңның, әділдіктің және қоғамдық тәртіптің маңызын қызықты әрі түсінікті түрде жеткізуді мақсат етеді.

Анимациялық туындының басты кейіпкері – Барыс, Қазақстанның тәуелсіздігі мен күш-қуатын бейнелейтін кейіпкер. Ол балаларға адалдық, құрмет және ережелерді сақтау сынды қасиеттердің маңызын үйретеді.

Премьера аясында балалар үшін түрлі интерактивті және танымдық шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша викторинаға қатысып, кинологтар мен криминалистердің жұмысымен, сондай-ақ арнайы жасақ қызметімен танысты. Сонымен қатар, полиция қызметіне арналған фотокөрме ұсынылды.

Мерекелік атмосфераны қуыршақ театрының әртістері, Шымкент циркі өнерпаздары және жол қозғалысының жас инспекторларының сахналық қойылымдары жандандырды. Іс-шара соңында балалар мен ата-аналар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды – бұл ізгі ниет пен бейбітшіліктің белгісіне айналды.

Жоба авторларының айтуынша, «BalaZan» – тек анимациялық фильм емес, сонымен қатар балаларға заңды құрметтеуді, әділдік пен жауапкершілікті бағалауды, қоғамға пайдалы болуды үйрететін тәрбиелік бастама.

Заң мен тәртіп – қоғамның бейбіт өмір сүруінің және тұрақты дамуының негізгі тірегі. Әр азамат өз құқығы мен міндетін біліп, заң талаптарын сақтауы – әділ әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарты.

Заң үстемдік еткен мемлекетте әділдік пен жауапкершілік қағидаттары үстем болады. Ал тәртіп – қоғамның мәдениеті мен сана-сезімінің көрсеткіші. Ол отбасынан басталып, мектепте, жұмыста және қоғам өмірінің барлық саласында жалғасады.

Заң мен тәртіпті сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың борышы. Себебі қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – бәріміздің ортақ игілігіміз.