ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында ауқымды «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Іс-шараға барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, адвокаттар, заңгерлер және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Акция үлкен қоғамдық қызығушылық тудырды — шара барысында 1000-нан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама мәселелері бойынша білікті заңгерлік кеңес алды.
Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде атап өтті:
«Ежелгі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады!»
Сондықтан бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр».
«Халық заңгері» акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматқа кәсіби көмек пен өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін ұсынатын болады.
«Халық заңгері» республикалық акциясы — бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Акцияның басты мақсаты – азаматтарға тегін заң көмегін көрсету, олардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіру және құқықтық мәдениетті дамыту.
Іс-шара барысында адвокаттар, прокурорлар, полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері тұрғындарды қабылдап, олардың сұрақтарына жауап береді. Көптеген азаматтар жер, тұрғын үй, еңбек, әлеуметтік көмек, алимент, зейнетақы, бизнес, сот және әкімшілік істер бойынша кеңес алады.
Мұндай акциялар елдің барлық өңірлерінде өткізіліп, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. «Халық заңгері» жобасы – халыққа жақын, ашық және әділ құқықтық мемлекет қалыптастырудың нақты қадамы болып табылады.








