ШЫМКЕНТТЕ 11 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРДІ
Бүгін Шымкент қаласындағы 203 мектепте «Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты соңғы қоңырау шарасы өтті. Осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала оқуды бітіріп отыр.
Мектеп бітірушілер мен ұстаздарды құттықтау үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның соңғы қоңырау шарасына қатысты.
Қала басшысы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуды айтты.
«Мемлекетімізде оқимын, білемін, танимын деген оқушылар үшін жағдай жасалған. Әсіресе, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, ұл-қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы тұр. Өмірде жолдарыңыз ашық болсын!»,-деді М.Әйтенов.
Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
143 ОҚУШЫ АЛТЫН ҰЯМЕН ҚОШТАСТЫ
Бүгін республиканың түкпір-түкпіріндегі білім ұяларында соңғы қоңырау үні сыңғырлап, шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырып отыр. Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 143 оқушы 12-сыныпты тәмамдап, алтын ұя-мектебімен қоштасты.
— Әлемдегі түрлі оқиғаларға қарамастан Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының білімге деген құштарлығы қуантады. Пандемия салдарынан 1 жылдан астам онлайн режимде оқып, биылғы оқу жылында дәстүрлі форматқа қайта көштік. Бүгін алтын ұямен қоштасып отырған мектептің сегізінші түлектері көптеген жетістіктерге жетті. Оларға шет елдің 39 үздік оқу орнынан 18 толықтай және жартылай тегін білім алуға жолдама келді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар — мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» дей келе, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Егеменді еліміздің ертеңі үшін білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру мақсатында ата-ана мен мектеп ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді, – деді мектеп директоры Индира Исмаилова.
Мектеп директоры И.Исмаилова құттықтау сөзден соң, оқу жылын үздік аяқтаған және республикалық, халықаралық пән олимпиадаларынан жүлделі оралған оқушыларды марапаттады.
2021-2022 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 5 оқушысы «Елбасы медалі» иегері атанып, республикалық «Жас геолог» олимпиадасына қатысқан 5 оқушы халықаралық кезеңге жолдама алған. Ал, Президенттік олимпиададан – 2, жасөспірімдер арасында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы сайыста 2 оқушы жүлделі орыннан көрінген. Сондай-ақ, Әл-Фараби ғылыми байқаулар конкурсында 15 жоба жеңімпаз атанып, республикалық астрономия олимпиадасына қатысқан 5 оқушының екеуі халықаралық кезеңге жолдама алып отыр. Осындай елеулі жетістіктердің нәтижесінде НЗМ биыл республика бойынша «Үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленіп отыр.
Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов түлектерге ақ жол тіледі.
— Мектеп қабырғасында 12 жыл бойы сапалы білім мен саналы тәрбие алып, үлкен азамат болып қалыптастыңыздар! Осынау қуанышты сәттерде ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыз, жалпы бүкіл еліміз Сіздерге ақ жол тілейді! Тәуелсіз Қазақстан асқақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін әрқайсысыңыз әрі қарай сапалы білім алып, халыққа, Қазақ Еліне адал қызмет етесіздер деп сенім білдіреміз, — деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Салтанатты жиын концерттік шараға ұласты.
Айта кетейік, Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 8 жыл ішінде 698 түлек бітірген.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА