ШЫМКЕНТТЕ 453 ОҚУШЫ «АЛТЫН БЕЛГІ» ҮМІТКЕРІ АТАНЫП ОТЫР ЖӘНЕ №9 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

530

Шымкент қаласында биыл орта мектепті бітіріп жатқан 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Оның ішінде Ұлттық біріңғай тестілеуге 433-і қатысса, қалған 20 үміткер шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан.

Айта кетейік, үлгілі мінез-құлық танытқан және барлық пәндер мен қорытынды аттестаттаудан өте жақсы деген баға алған оқушыларға «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі.

Бүгін Шымкент қаласындағы барлық орта мектептерде соңғы қоңырау іс-шарасы «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыппен өтіп жатыр. Биыл мегаполис мектептерін 11 189 оқушы аяқтап отыр.  Тағы  19 251 оқушы 9 сыныпты тәмамдайды.

Оқу жылы 25 мамырда аяқталғанымен 9 және 11 сынып оқушылары 10 маусымға дейін қортынеды емтихандарын тапсырады. Ал, 11 сынып оқушылары 16 мамыр мен 5 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Соның ішінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тестілеуге 8 200 бітіруші қатысады. Олардың әрқайсысына 2 реттен тест тапсыру мүмкіндігі берілмек.

Сонымен қатар 1-8 және 10 сынып оқушылары 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепке ерікті түрде қатыса алады. Мұндай шара үлгерімі төмен оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қабылданып отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша Шымкент қаласы бойынша жалпы 143 757 оқушы жазғы мектепте оқиды деп жоспарланып отыр.

№9 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

25 мамыр – оқу жылының аяқталған күні. Осыған орай барлық мектепте соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өтуде.

Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева, ата-аналар комитеті мен қамқоршылар кеңесінің төрағалары, ата-аналар, оқушылар қатысты. Мектеп түлектері салтанатпен ортаға шығып, өз орындарына жайғасты. Шыңғыс Жұмабекұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.

– 11 жыл білім алып, мектепті аяқтап шығу – ең жауапты сәттің бірі. Бұл – ересек өмірге басатын алғашқы қадам. Ендігі қадамдар үлкен жауапкершілікке толы болады. Сол жолда сіздерге кездескен барлық кедергіні еңсеріп, елімізге табыс әкелетін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ақ жол! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Мектеп директоры Анар Аманқұлова да құттықтау сөз алып, оқушыларының жетістігін тілге тиек етті. Биыл мектепті 251 түлек тәмамдағалы отыр. 12 оқушы – Алтын белгі, ал 10 түлек ерекше үлгідегі аттестат алудан үміткер саналады.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылын 11 189 түлек аяқтайды.

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев

Фото – Серік Қосаев