ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ – ӘРБІР МЕНШІК ИЕСІНІҢ МІНДЕТІ

10

Үйіңізді (пәтеріңізді) жалға берген жағдайда ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін сізге жауапкершілік жүктеледі. ҚР Қылмыстық Кодексінің 306-бабына сәйкес, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жабдықты орнату салдарынан тұрғынның денсаулығына зиян келсе немесе салғырттықтар өлім-жітім жағдайына себеп болса, іс қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралады. Бұл ретте құқықбұзушыға әкімшілік айыппұлдан бастап 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру шаралары қарастырылған.

Сондықтан үй иелері газбен жабдықтау, желдету жүйелеріне және мұржалардың дұрыс жұмыс істеуіне ерекше назар аудару қажет. Мұндай олқылықтар қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады. Меншік иесіне үйдегі барлық коммуналдық жүйелер мен жабдықтардың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеттеледі. Өндірістік қауіпсіздік талаптарына сай аттестаталған ұйыммен үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауы маңызды. Үй иесі тұрмыстық газ жабдықтарын жылына кемінде бір рет тексеруден өткізуге, мамандандырылған ұйымдардың желдету арналарын тазалауын қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Бұл талаптардың орындалмауы жарылысқа, өртке, газдан улану жағдайларына немесе ғимараттың бүлінуіне әкеп соғады. Ал газ қауіпсіздігіне салғырт қарағаны үшін жалға беруші қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан мүлікті жалға бермес бұрын меншік иесі ең алдымен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуі тиіс. Тыйым салынатын шараларға да мұқият болу қажет. Мәселен, газ тарату ұйымының келісімінсіз тұрғын үйдің газ жүйелерін өзгертуге болмайды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп пәтерлі үйлерге ыстық су және жылыту қазандықтарын орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар қолдан жасалған, ақаулы немесе сертификатталмаған жабдықтарды пайдаланудың да қауіпті екенін ескеру қажет.