МҮСІНШІ

131

Оранғайлық мүсінші Гулам Сүлаймановты бұрын Сауран ауданы тұрғындары ғана білетін болса, бүгінде оның атағы алысқа шыға бастады. Олай болмағанда ше, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы шығармашылық орталықтан сертификат алып, Мұхтар Әуезов атындағы мектепте көркем еңбек технология пәнінен сабақ беріп қана қоймай, қолы бос уақытта мүсін жасауға ден қойды. Бас-аяғы екі жылда Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, академик Рахманқұл Бердібаев, қазақтың үш биі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің мүсіндерін сомдады.

— Қандай мүсінді сомдасам да әбден ізденіп, барынша сол кісінің образын ашуға тырысамын. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерді зерттеу кезінде Жарылқап деген журналист шығаратын «Жұлдыздар отбасы» деген журналдан үш биді де таптым. Сонда бір менің қатты таң қалғаным үш би де бала жасынан құранды жатқа білген екен. Үшеуі де он үш жасынан бастап шариғат бойынша елге билік жүргізген. Ешқашан шариғаттан аттап өтпеген. Қара қалды қақ жарып, билік айтып отырған. Бастарынан қайда жүрсе де сәлделерін тастамаған. Сәлденің өзі адамның қай жерде қайтыс болса, сонда арулап жерлеуге арналған кебіні болып есептеледі. Бұл құдайға құлшылығының ең зоры екен. Осы үш кісінің мүсінін жасауға көп күш жұмсадым, — дейді Гулам Сүлайманов.

Ол биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістандағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің алдында алаштың арысының мүсінін сомдап, көгалды ансамбль жасап, онда Ахмет Байтұрсыновтың «мектептің жүрегі-мұғалім» деп жазып, қасына сия сауыт пен глобусты қойды. Жақында ғана Мәшһүр Жүсіп аты берілген Достық елді мекеніндегі Рахманқұл Бердібаев мектебінің алдына академиктің бейнесін сомдады. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістандағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің алдында ұлы ұстаздың 150 жылдығына арналып, әсем ескерткіш бой түзеді. Оның айналасы әдемі танымдық ансамбль құрайды.

Бұл ескерткіш пен оның айналасындағы әсем ансамблді кімдер жасады екен деген сұрақ көпшілікті ойландырады. Ескерткіш жасау кез-келген қылқалам шеберінің қолынан келе бермейді. Оның сыртында бұл аса шеберлікті, ыждағаттылықты қажет ететін көпшіліктің көзайымына айналатындай, табиғатпен астасқан сәулет өнері болуы тиіс.

Соңғы жылдары мұндай талаптан шыға алмаған Астанадағы Керей мен Жәнібек ханның ескерткіштері, күні кеше ғана ұлтымыздың ерекше жаратылыс иесі, жазушымыз Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші бұзылды. Себебі, мемлекеттік комиссияның қарауынан өтпеген және оған дейін де комиссияға ұсынылмаған көрінеді.

Түркістандағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің алдындағы әсем ескерткішті Оранғайдағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гулам Сүлайманов жасады. Гулам бастаған Салайдин Абдоллаев, Халмурад Бабажанов, Лазиз Атахановтардың бригадасы өткен жылы Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасаған болатын.

— Біз сәулетшілер және қолөнершілер тобы бригадамызбен бірге асықпай көптеген суреттерді, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі Мұхтар Әуезовтің ескерткіштері мен мүсіндерін барлығын салыстыра отырып, ортақ шешімге келдік. Өткен жылы үш ай каникул кезінде мұғалімдер аллеясын, Мұхтар Әуезов мүсіні мен ескерткішін жасап шығардық. Мектептің 90 жылдығына келгендер ризашылықтарын білдірді.

Содан кейін осы мүсіндер мен ескерткішті, және түрлі құмыраларды тамашалаған Түркістан қаласындағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп директоры Дәулетбай Құдайбергенов бізге тапсырыс берді. Биыл жаз бойы осы ескерткішті жасап шықтым, — дейді оранғайлық мүсінші Гулам Сүлайманов.

Әрнәрсеге қозғау салатын бастамашылар болады. Мәселен, оранғайлық сәулетшілерді шабыттандырған Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Нұрлан Қадыров. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасау жөнінде мектеп директоры Нұрлан Қадыров көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Гулам Сүлайманов, Салайдин Абдоллаев, Халмурад Бабажанов, Лазиз Атахановты жинап алып, өзара ақылдасады. «Мектептің 90 жылдығына дейін Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасап шығара аламыз ба?» деген сұрақты ортаға салады. Өздеріне нық сенімді шеберлер тобы құмбыл кірісіп, небәрі үш айда жазушыны тұғырға қондырады.

Мектептің 90 жылдығы қарсаңында осы білім ордасының бір топ қолөнер шеберлері мектептің маңын гүлдендіріп, мұғалімдер аллеясын, түрлі танымдық ескерткіштерді жасады.

— Маған қатты ұнағаны – мектептің қолөнершілерінің қолынан бұйымдардың ғажап өнер туындысы болып шыққандығына қуандым. Әсіресе, мектеп залындағы Мұхтар Әуезовтің бюсті және сырттағы баудағы жаңадан бой көтерген ескерткіші әдемі. Мектепке керемет көрік беріп тұр. Оның сыртында осы мектеп қолөнершілерінің шеберханасынан шыққан бұйымдар «Мұғалімдер аллеясы», мектептің этнографиялық мұражайына, «Құмыра» тарихи танымдық ескерткіштер кешеніне қойылды. Мен бұған дейін мұндай кешенді мәдени орталықты еш мектептен көрген емеспін. Мұның барлығы мектеп ұжымының ынтымақты тату-тәтті екендігін көрсетеді,-дейді ұлағатты ұстаз Фазыл ата Байметов.

Бір қызығы-оранғайлық шеберлер қандай құмыра жасаса да, оның сыртынан жыланның ізін немесе өзін салады екен. Мұның мәнісін жергілікті тарихшы, археолог, мектептің тарихи-этнографиялық мұражайының жетекшісі Ахметжан Ахметовтен сұрап білдік.

— Оранғай сөзі көне түрік тілінде ордалы жыландардың оралуы деген мағына береді екен. Бұл қасиетті жыландар алтын-күміс салынған құмыралардың маңына иесінен басқа жанды жолатпай, күндіз-түні түрлі пәле-жалалардан қорғайды.

Қазір шын мәнінде мұнда Күлтөбе, Мейрамтөбе, Қазтөбе, Төрткүлтөбе сынды бұрын отырықшы, диханшылық еткен халықтың шағын қорғанды мекендері бар. Осы жазда сол төбенің біріндегі құдықтан ордалы жыланның жыбырлап жатқанын көрдім. Мүмкін кезінде бір бай сонда алтын-күмісін құмыраға салып тықты ма екен деп ойлаймын.

Бұл ордалы жыландардың оралуын, Түркістанның облыс орталығы ғана емес исі түркі халықтарының рухани ордасы болуына қатысты қазір ауылымызда қазақ-өзбек ұлтының ынтымағы жарасып, байлығының шалқи түсуімен байланыстырып отырмын. Мектеп оқушыларына, немерелеріме бала жастан «жылан көрсең тиіспе, басына ақ құйып шығарып сал, ол киелі жәндік» деп айтып отырамын. Сол төбелерден мектеп оқушыларының экспедициялық сапарларында жинастырған қыш құмыралар, шаруашылық құралдары, қару-жарақтардың сынықтарын тауып, осы мұражайды халыққа ұсынып отырмыз. Бұл да бір тарих, — дейді Ахметжан Ахметов.

Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке 90 жылдан асты. 1931 жылы ресми түрде бастауыш мектеп болып ашылып, 1937 жылы қазақ және өзбек тілінде оқытылатын білім ұясына айналды. 1956 жылдан бастап білім ошағы «Оранғай» орта мектебі болып аталды. Мектеп тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі — 1967 жылы қазақтың заңғар жазушысы – Мұхтар Әуезовтің 70 жылдығына орай «М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебі» болып аталды. Бұл мектеп тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың бірі.

— Мектептің жаңа ғимараты 1976 жылы Социалистік Еңбек Ері, Ленин Туы орденінің иегері, Қаз ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазтрансстрой тресінің бастығы М.Қазыбековтің басшылығымен салынып, пайдалануға берілді, — дейді мектеп директоры Нұрлан Қадыров.

Қазіргі таңда 660 орындық мектепте 1320 бала білім алуда. Осыған орай, Сауран ауданы адами ресурстарды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова мектепке жақын жерден 300 орындық бастауыш сыныптарға арналған мектептің құрылысы аяқталғандығын мәлімдеді. Оранғайлық сәулетшілер жаңа мектепті әрлендіру жұмыстарына да құлшына кірісуде.

Ескендір ЕРТАЙ.