ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ — ЕСКІ ИҚАН АУЫЛ ОКРУГІНДЕ

124

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуін Ескі Иқан тұрғындарымен жалғастырды. Аудандағы тоғыз айда атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, алдағы атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ескі Иқан е/м табиғи газ жобасына енбей қалған тұрғын үйлерге меморандум арқылы ЖСҚ әзірленуде. Елді мекендердегі ескі бағаналармен электр желілерін ауыстыруға ЖСҚ әзірленген. Жоба құны — 697 019,0 мың теңге. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаражатты бөлуге республикалық және облыстық бюджетке өтінім жолданған. Ескі Иқан елді мекеніне дейінгі су құбыры желілерінің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 2 470 032,0 млн теңге.

Ауылдың тазалығы көңіл көншітпейді. Аудан әкімі көше бойындағы тазалық сақтамаған кәсіпкерлік нысандарға тиісті бөлімге заңмен шара көруді тапсырды. Ауылды абаттандыру жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылмаған. Ауыл тұрғындарын тазалық пен абаттандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.

— Әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. Оның бірі ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету. «Ақ бұлақ» бағдарламасымен тартылған су құбырларының тозығы жеткен. Жерасты суын тартатын ұңғымалар да көнерген. Келер жылдың І-тоқсанында барлық су ұңғымалары жаңартылады. Құрметті, ауыл тұрғындары! Ауылдағы мәселе өзімізден басқаға керек емес. Бірлесіп, ауызбіршілікпен жұмыс жасауды сұранамын. Алауыздық болған жерде жұмыс жүрмейді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, келешек үшін қызмет етейік,- деп жиынды қорытындылады Мақсат Асылбекұлы.

Есепті кездесу соңында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша жеке қабылдады. Жергілікті тұрғын М.Юлдашов жаңадан құрылатын Тұран елді мекені бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын білу үшін жеке қабылдауға келді. Ескі Иқан елді мекенінің халық санының өсуіне байланысты шекарасын анықтап бөлу жолымен жаңадан елді мекен құру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облыстық ономастика комиссиясында қаралып, оң қорытынды алған жағдайда Тұран елді мекенінің бас жоспарын бекітуге ұсыныс берілетін болады.

Мәселені мақұлмен емес, заң аясында ақылмен шешеміз деген аудан басшысы мұнан өзге де көтерілген мәселелерді сала басшыларына жүктеді. Орындалуын тікелей өзі бақылайтынын айтты.