САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ М.ТАҢҒАТАРОВ: «МӘСЕЛЕНІ ОБЛЫСТА НЕ АУДАНДА ЕМЕС, ОСЫ АУЫЛДА ШЕШЕЙІК»

161

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі өтті.

Аудан басшысы алдымен ауданның 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталып өтті. Айта кетерлігі, ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 млрд. теңгені (2022 ж. 9 ай – 69,9 млрд. теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9%-ға артып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетті, былтырғы жылдың тиісті сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4%-ды құрады.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,5 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңіне өсім 107,1%-ды құрады.

Аудан экономикасына 22,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6%-ды құрады.

Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 155,1%-ға артып, 24,3 мың шаршы метрге жетті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетіп, аудан құрылғалы бері, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті (2021 ж. — 2073).

Осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

— Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеруге жаңа шешім орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Сіздермен еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызды тыңдауға дайынмын, — деді Мақсат Таңғатаров.

Аймақты мазалаған мәселелердің ішінде табиғи газ тарту жұмыстары ауыл халқының жанына батқаны баса айтылды. Мердігер мекеме өкілдері «тірлікті тындырамыз» дегенімен, көпшілік бұл сөздердің құрғақ уәде екенін алға тартуда. Осыған байланысты аудан әкімі жұмыстың жүйесіз атқарылып жатқанын сынға алып, аталған жайдың нүктесін қойды.

Сонымен бірге, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жол жиегіндегі төрт түліктің қараусыз жүруі және әлеуметтік сала төңірегінде сауалдар қойылып, жауаптар берілді. Соның ішінде ардагерлер тарапынан шипажайларға жолдама алу жайы кешеуілдеп жатқаны, алдағы уақытта осы мәселе жүйелі жолға қойылса деген сұраныс айтылды. Ол бойынша аудан әкімі тиісті мекеме басшысына тапсырма беріп, одан бөлек апта ішінде орын алған жайға тікелей өзі басшылық етіп, талдау жасайтынын жеткізді.

Сонымен бірге, аудан басшысы Мақсат Асылбекұлы ауыл тұрғындарына орын алған мәселелері бойынша кез келген уақытта тікелей өзіне де хабарласуына болатынын, мұндай жағдайда ашық екенін айтты.

Айта кетерлігі, кездесуден соң аудан әкімі тұрғындармен жеке қабылдауын өткізді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров осы күні Ескі Иқан ауыл округі тұрғындарымен де кездесті.

«Сауран-ақпарат».