БІЛІМНІҢ ІРГЕТАСЫ МЕКТЕПТЕ ҚАЛАНАДЫ

124

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқандығын атап өтті.

«2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды»,-десе қазіргі таңда осы жобалар жүзеге асырылып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы мектебіміздің жасы бір ғасырға таяп қалды. Мен осы Мұхтар Әуезов мектебінде 2004 жылдан бастап директорлық қызмет атқарып келемін. Сауран ауданы білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беру мекемесі 2023-2024 жаңа оқу жылына үлкен дайындықпен кірді. Биыл мектебіміз 93 жылдық оқуына кірді. 1956 жылдан бастап қазақ-өзбек мектебі болды. Оған дейін өзбек, латын, араб тілдерінде дәріс берілді. Мұхтар Әуезов есімі 1967 жылы берілді. Оған дейін Оранғай ауылдық мектебі болды. Қазіргі таңда 1400-дей бала биылғы оқу жылында мектепке барды. Биылғы жаңа оқу жылында жақын маңдағы елді мекендерден арнайы автобуспен тасымалданып, қатынайтын 400-ге жуық бала бар. Нақтысы 390 оқушы. Солар оқитын Шымқорған көшесінде 150 орындық мектеп салынып жатыр. Осы мектепті биылғы оқу жылында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде 300-ге жуық оқушы сол мектепке ауыса алады. Одан бөлек еліміздегі Ұлттық «Жайлы мектеп» жобасына қатысып отырмыз. Ол 600 орындық мектепке 400 оқушымыз баратын болса, жаңа мектепке 40 мұғалім баратын болса, «Жайлы мектепке» елуге жуық мұғаліміміз ауысады. Ал, өзіміздің 940 орындық мектебімізде 600 оқушы кең жерде, емін-еркін бір ауысымда білім алатын болады. Бұл арқылы біз үш ауысымдық жағдайдан шығатын боламыз. Мектепке дейінгі және бірінші сынып пен бастауыш сыныптар, 9 сыныпқа дейінгілері жергілікті жерде оқиды. Мекен жайы ауысса, басқа жаққа көшетін болса, сонда ғана жақын мектебіне ауыса алады. Ал 11 сыныптың балалары қалаған мектебінде оқуға баруына таңдау жасауға құқығы бар. Олардың Түркістан қаласына да қатынап, жоғарғы оқу орындарына түсу үшін қосымша репетиторлар жалдап, курстарға баруларына мүмкіндігі ашылады. Оған дейін мекен-жайы қай жерде орналасқан болса, соған жақын мектептерге барып оқиды.

Қазіргі таңда біздің мектебімізде 165 мұғалім бар. Оның үшеуінде ғана арнаулы оқу орындарының дипломы бар. Қалғандарының барлығы жоғары білімді. 15 шақты магистріміз бар. Мұғалімдеріміз заңда белгіленген тиісті мерзімдерінде аттестациялық сынақтардан өтіп жүр. Алты мұғаліміміз шебер-сарапшы. 25 мұғаліміміз аттестациялық сынақтан өтуге өтініштерін тапсырды. Олар бірінші қыркүйекке дейін аттестациялық сынақтан сүрінбей өтіп, біліктіліктері де жаңаша бағаланып, айлық жалақылары да өсті. Биылғы оқу жылынан, 1-қыркүйектен бастап мектеп алды даярлық сабақтарын өткізетін тәрбиешілердің де айлық жалақылары өсті.

Биыл киелі шаһарымыздың облыс мәртебесін алғанына бес жыл толып отыр. Осы аралықта мұғалімдердің сапалық деңгейі өсе түсуде. Облыстық, республикалық байқауларда топжарғандарын атап өтуіме болады. Әрине, Түркістанның облыс орталығы атануы барлығымыздың рухымызды көтеріп қана қойған жоқ. Мұғалімдеріміздің де біліктілігін көтеруіне себепші болды. Өйткені, Оранғай қала іргесінде болғандықтан мұғалімдер арасында білімі жағынан бәсекелестік те жоғарылады.

Биылғы жылы біздің мектебімізді 69 бала бітірген болса, солардың 25 Мемлекеттік грантқа ие болды. Қалғандары қасымыздағы Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Алматы қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына, техникалық колледждерге таңдаған мамандықтары бойынша тапсырды. Біздің мектепте 70-те, 30 пайыз өзбек ұлтының оқушылары көп болғандықтан жоғарғы оқу орындарына тапсыруы қиындық келтіріп отыр. Ал, қазақ бөлімін бітіргендердің дені Мемлекеттік гранттарға өтуге онша қинала қойған жоқ. Былтырғы жылы 21 бала Мемлекеттік гранттарға ие болса, биылғы жылы ол меже 25-ке орындалып отыр. Сапалық құрамы бойынша мұғалімдердің жиырмадан астамы біліктілік деңгейлерін өздерінің қалаулары бойынша Назарбаев мектебі секілді біліктілігін жетілдіру институттарында оқығаны туралы сертификаттарымен көтеруде. Мен өзім де мектеп басшыларына арналған тоғыз айлық және алты айлық менеджменттік курстарды бітірдім. Бұл ізденістердің барлығы мұғалімдеріміздің уақыт талабына сай болып, оқушыларға сапалы білім беру жолындағы өзіндік ізденістерінің нәтижесі деуге болады. Бұл арнайы белгіленген кесте бойынша жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Биылғы жылы республикалық пәндік олимпиада болды. Сол 2022-2023 оқу жылында олимпиада бойынша аудандағы елуге жуық мектептің ішінде жүлделі екінші орын алдық. Он екі бала ауданда өздерінің сүйікті пәндері бойынша жүлделі орындарға ие болды. Біреуі облысқа жолдама алды. Қалғандары екінші, үшінші орындарға қол жеткізді. Ал, спорттық жарыстар бойынша біздің мектептің оқушылары дойбыдан, еркін күрестен, тоғызқұмалақтан үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Бесінші сыныптағы екі оқушымыз әлем кубогі үшін Ташкент қаласында өткен жарысқа қатысып қайтты. Абдулла Арман мен Құдайберген Нұрасыл екеуі де екінші, үшінші орындарға ие болды. Ол екеуі де Қазақстанның чемпиондары. Біздің Сымбат Мырзахан деген қызымыз Қызылорда қаласындағы қыздар арасындағы дойбыдан жарыстан Бас жүлдемен оралды. Қазақстан біріншілігінде үнемі бірінші, екінші орындарды алып жүр. Біздің ұл –қыздарымыз 10-16 жас аралығындағы төрт категория бойынша үнемі жүлдеге ие болып келеді. Олар облыстан бірінші орын алса, Республикалық жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алуда. Мектеп бітірген түлектеріміз де Республикада топ жарып жүр. Мектеп оқушыларымыз облыста тоқызқұмалақтан үнемі алда келеді. Еркін күрестен бапкер Өтепберген Балақай дайындаған балуандарымыз Республика чемпионы атанды. 15-17 жастағы жасөспірімдер арасынан чемпиондарды күтіп алдық. Азия біріншілігінен үшінші орын алып, Әлем біріншілігіне жолдама алды. Бұлардың осы біріншіліктерге екі спорт кешенінде әзірленуіне мүмкіндіктері бар.

Кезінде мұғалімдердің саяси науқандарға, қоғамдық жұмыстарға жиі тартылуы, есеп берулердің жиілігі қағазбастылығы көп айтылды. Осы мәселелер қазір шешімін тапты. «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң 2019 жылы министр Аймағамбетовтың тұсында күшіне енгізілді. Соған байланысты қазіргі кезде біздің бірде-бір мұғаліміміз қоғамдық жұмыстарға тартылмайды. Ол мәселе «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң шыққан бойда тоқтатылды. Әрқайсысы өз пәндерімен және бос уақыттарында сол саласы бойынша біліктіліктерін жетілдіруі ісімен айналысады. Бір енді мектептің айналасын көкжелектендіру, абаттандыру жұмысына өз еріктерімен қатысады. Биология, география пәндері бойынша мектеп маңына бау-бақша егуге қатыса алады. Кешегі Парламент Мәжілісі, облыс, аудан мәслихаттарына депутаттарды сайлау науқаны кезінде мектептегі алаңды, конференция залдарын бердік. Мұғалімдеріміз өздерінің еріктерімен сайлау үдерісіне қатысты. Мен өзім мәселен осы сайлау округі комиссиясының төрағасы болдым. Оның құрамында жеті адам болса, соның үшеуі ғана мұғалім болды. Ал, сайлауларға ауылдастарымыз ұйымдасқан түрде белсенді қатысты.

Түркістанымыз ежелден Тұран өлкесі деп аталған. Киелі де қасиетті шаһарымызда қаншама билер, әулие адамдар жатыр. Кезінде Елбасы да Астана етсем бе екен деген ойда болған көрінеді. Түркістанға түркі дүниесінің рухани астанасы деген атақ берсе артықтық етпейді деп ойлаймын. Елімізде Алматы, Астана, Шымкент халқы миллионнан асты. Қазіргі кезде Түркістан облысына мемлекеттік тілді білмейтін, білсе де шала білетін мемлекеттік қызметкерлер орта жақсы қалыптасқандықтан қазақшаны тез үйренді. Себебі, бүкіл адами байланыс құралы осы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Дүкен, базар, қоғамдық көлікте барлық тілдік орта қазақ тілінде атқарылады. Мұнда мемлекеттік тілге үлкен қолдау бар.

Түркістан қаласына қараша айында қандай ерекше мәртебе берсе де лайықты. Жан-жақты рухани, сәулеттік, туристік бағдарда да кешенді түрде дамып келеді. Түркістанның өркениеті осыдан мыңдаған жылдар бұрын мойындалып қойған. Осы әулие, әнбиелер, би-батырларымыз жатқан киелі шаһарды ешкім де көшіріп әкете алмайды. Алыс жақын шетелдерден зиярат етушілер көптеп келеді.

Қазіргі ғаламдандыру бастамасы керек те шығар. Бірақ біз ғаламдандыру бастамасына көзімізді жұмып кіріп кетпей, өзіміздің мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан қазақи болмысымызбен, салт-дәстүрімізбен кіруіміз керек. Біздің жастарымыз қазіргі IT технологияларды жетік біліп, қолданып қана қоймай, атқа қонып, домбыра шерту, ұлттық ойындарды меңгере білуі тиіс. Кола, пепси секілді сусындарды алмастыратын қымыз, қымырандар ішсе, әлдеқайда қуатты болар еді.

2023-2024 жаңа оқу жылында аудандағы барлық оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз бұдан да зор табыстарға жете берсін деп тілеймін. Қазір ұстаздар ұжымы біздің мектепті де Қазақстандағы «Үздік 100 мектеп» қатарына енгізуге тырысудамыз. Осы Қазақстандағы «Үздік 100 мектеп» құрамына әзірге Сауран ауданынан енген Иқан және Яссауи мектебі бар. Біздің сол мектептер қатарына жетсек деген үмітіміз зор. Білім саласында қанатқақты жобаларды алдымен Түркістан облысынан бастаса жолы ашылады деп ойлаймын. Себебі, түркі дүниесінің рухани киелі шаһарының тарихи маңызы зор. Қалай болғанда да білімнің іргетасы мектепте қаланатындығының куәсі болып жүрміз.