САУРАН АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ СӘКЕН ОРАЗБАЕВ: АГРОӨНЕРКӘСІПТЕ ӨНІМДІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ

129

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді:

«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек».

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Осы Жолдаудағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Сауран ауданының диқан қауымы үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Соңғы жылдар саурандық диқандар су тапшылығының орын алуына байланысты агроөнеркәсіпті әртараптандыру жұмыстарын қолға алуда. Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 42 137 гектар егістік жер игерілсе, биылғы жылға 42 200 гектар егістік жерді игеру тапсырма берілген болатын. Оның 44082 гектар егістік жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1945 гектар артығымен орындалып, 104,6 % құрады. Атап айтқанда, бидай – 4254 гектар, дәндік жүгері – 2875 гектар, мақсары – 580 гектар, күнбағыс – 110 гектар, көкөніс – 2502 гектар, картоп – 470,5, бақшалық дақылдар – 64732 гектар, мақта – 11666 гектар, мал азығы жоңышқа және сүрлемдік жүгері – 15153 гектар алқапқа егіліп, қазіргі таңда өнімі жиналды.

Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 12771,9 гектар егістік жерге шитті мақта егіліп, әрбір гектардан орташа 33 центнерден жиналып, 42147 тонна өнім жиналған. Биылғы жылға 11666,0 гектарға егілді. Болжам көлемі 34 ццентнерден айналуда. Барлығы 39665 тонна өнім жиналатын болады.

Бүгінгі күнге 155,0 гектар мақта терілді. Аудан бойынша 7 кәсіпорынның 16 мақта қабылдау бекеттері орналасқан.

 

ӨНДІРІСТІК ЖЫЛЫЖАЙҒА КІРІСКЕНДЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек»,-деген болатын. Осыған орай, 2023 жылдың 8 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 30,7 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,5%-ға артқандығы байқалды. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың 8 айында 27,5 млрд. теңге болатын. Оның ішінде салалар бойынша бөлек тоқталуға болады. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2,9 млрд. теңгені құрады. 2021 жылдың 8 айында 21,0 млрд. теңге болатын. Нақты көлем индексі 99,3%. Өнеркәсіп саласында кәсіпорындар 5,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 млрд. теңгеге артты (2021 жылдың 8 айында 4,4 млрд. теңге болатын. Нақты көлем индексі 107,3%. Айта кетерлігі аудан көлемінде 1,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,5%-ға артқан. Яғни, 2021 жылдың 8 айында 1,5 млрд. теңге болады. Өткізілген тауарлар көлемі 737,1 млн. теңгені құрады. Өсім 103,1% жеткен. 2021 жылдың 8 айында 570,0 млн. теңге болатын.

Есепті кезеңде аудандағы мал саны 751,1 мың бас, құс саны 160,0 мың басты құрады немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,4%-ға артты.

 

ДИҚАНДАР ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ИГЕРУДЕ

«Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек»,-дейді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, 2022 жылы Сауран ауданына ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 6 млрд. 300 млн. теңге тапсырма берілсе, жыл қорытындысымен 7 млрд. 141 млн. теңге инвестиция тартылып, 113,4%-ға орындалды. Ал, 2023 жылға 11 млрд. 332 млн. теңге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 млрд. 960 млн. теңгеге орындалды немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артты. Бұдан бөлек, алдағы уақытта ірі шаруалар бойынша жалпы құны 4 млрд 468 млн. теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Үшқайық ауылдық округінде «Иманқұл ата» шаруа қожалығының – балық шаруашылығын дамыту жобасының жалпы инвестициялық құны 608,0 млн. теңгеге жеткізілді. Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – Балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасының жалпы инвестициялық құны 2,56 млрд. теңге болды. Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – мақта майын өндіру цехы жобасы, жалпы инвестиция құны 500,0 млн. теңге. Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – мал азығын дайындайтын құрама жем (комбикорм) цех құрылысының жобасы, жалпы инвестиция құны 400,0 млн. теңге. Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығының – жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы, жалпы инвестиция құны 400,0 млн. теңге.

 

50 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек».

Бүгінгі күнге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 134 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 231,2 млн. теңгені құрайтын 41 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 169,3 млн. теңгені құрайтын 32 жоба, Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 94,9 млн. теңгені құрайтын 15 жоба, Майдантал ауылдық округі бойынша 51,0 млн.теңгені құрайтын 10 жоба несие комитетімен мақұлданды.

Қазіргі таңда мақұлданған, құны 261,0 млн. теңгені құрайтын 50 жоба «Ырыс МҚҰ» тарапынан қаржыландырылып, 38,5 млн. теңгені құрайтын 7 жобаның кепіл шартын тіркеу сатысындағы жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландырылған азаматтар бүгінгі таңда өзге облыстан сауын сиыр және ірі қара мал сатып алу жұмыстарын жүргізуде.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.

 

СУ ҚОЙМАЛАРЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Су шаруашылығы бойынша Бабайқорған ауылдық округінде екі жоба іске асуда. Атап айтқанда, Сасықбұлақ су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың қайта құру жұмыстарына 8,67 шақырым және Ақтөбе су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың 12,1 шақырымына құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға бюджетке ұсынылатын болады. Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қазіргі таңда үш жақты келісім-шарттың орындалуы (болжамды инвестициялық жобалар, оның ішінде тамақ өнімдерінің негізгі капиталына инвестициялар тарту), мал шаруашылығы, су нысандары (су нысандарының жай күйі, құжаттандыру деңгейі), ветеринариялық нысандарды құжаттандыру, күзгі дала жұмыстарының барысы (жер айдау, күздік бидайдың егілуі, шитті мақта терімі, мақта өңдеу зауыттарының шитті мақтаны күнделікті қабылдауы), жанар-жағармайдың шаруаларға босатылуы, ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қорыта келгенде саурандық диқандар қауымы биылғы шаруашылық жылын толайым табыстармен қарсы алғалы отыр.