ТАМЫР

652

Қайран, Бауыржан!
Күйініш пен сүйініштен тұратын өмір ғой бұл…
Көзі тірі болғанда биыл алпыс жасқа келер еді. Өмірден ерте кетті… өкіндіріп кетті… өксітіп кетті.
Бауыржан Үсенов алды кең, өзінің ұстаған бағытына бекем, сыйласқан жанмен адал қарым-қатынас жасауға бейім тұратын. Ұзын бойы, сұлу мұртты, келісті келбеті, ақ дидары өз болмысына ғана тән еді. Бойындағы қуат, жанындағы жігер тасқын судай көрінетін. Алымы да керемет, шалымы да мықты еді. Өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші, серілігі тағы бар, ең бастысы рухы мықты жігіт болатын. Ортада орын алған әңгімені төгілдіріп айта да білетін. Сөз қадірін, тіл салмағын түсінетін. Астарлы қалжыңға да, қағып түсер әзілге де шебер еді. Содан болар, біздің «великий курспен» ол тез тіл табысып кетті.
Әлі есімде. Бір күні бөлмеге келіп:
-Базеке, екеуміз түйдей құрдас екенбіз, тамыр болайық,- деді. Сосын ойланып тұрды да:
-Тамырдың не екенін білесің бе, тамыр тамырға не сұраса сонысын беруі керек,- деді.
-Білем, әкемнің Жұмахан деген тамыры бар, бір келгенде астындағы үш аяқты мотоциклін мініп кеткен- дедім мен.
Бауыржан сөзінің соңына «бірақ, тамырлар әшейіннен әшейін тамыр бола салмайды, жілік ұстап барып қана болады» деді.
Қойшы не керек, жілік далада қалды. Балалық па, жастық па, кім білсін?!.
Сол баяғы №5 жатақхана. Бірде Жаңабек Шағатай қолға ұстайтын кішкентай магнитофон сатып әкелді. Күнде кассетадан әртүрлі әндер тыңдаймыз. Бірі ұнаса, екіншісі көңілге қонбай жатады. Сондайда Бауыржанды бөлмеге шақырып алып, әндерін жазып алушы едік. Одан Аязбидің көмегімен дыбыс күшейткіш арқылы бүкіл КазГУградқа айқайлатып қоятынбыз. Арасында көрші жатақханаларға, оның ішінде №8 филологтар мен №6 тарихшылар жатақханасына көбірек сәлем жолдайтын едік. Студенттер Бауыржанның әнін көп сұрайтын. Ондайда «Сіздердің сұрауларыңыз бойынша» деп, алдында ғана орындалған Баукеңнін әндерін қайта беретінбіз. Қазір қарап отырсам, сағынышқа толы күндер екен ғой. Өкініштісі, арамызда Бауыржан жоқ. Соңынан Қайрат, Дихан, Табылды, Әлімбай, Есжандар кетті.
Бауыржанның бір ерекшелігі – нағыз тума талант болатын. Құлағыма бір тылсым күш сыбырлап тұратын дейтін. Ол өз өлеңдеріне қоса қазақ поэзиясы алыптары және қатарластарының шығармаларын жатқа білетін. Нағыз ақын – сондай болуы керек. Біз студенттік кезде көп бірге жүрдік. Бауыржан Жақып, Светқали Нұржан, Қайрат Әлімбек, Бейбіт Құсанбек, Мұратбек Оспанов, Гүлбахрам Жебесін, КазПИ-ден Қазыбек Иса, Нұрлан Әбдібек, Кәдірбек Құныпия, политехтан Жәния Ералиева, Айсұлу Рүстемова, тағы басқа да қыз-жігіттер біріміздің жатақханамызға біріміз қонаққа барып, талай кештің куәсі болдық. Бір жерде жиын, мереке болса Бауыржан мені жанына ертіп алатын. Талай той басқарғанын да көрдік. Нағыз сері болып өмір сүрді.
Басқасы басқа, ол бір ғана «Қара машина» деген өлеңімен ащы шындықты жеткізе білді. Ақын Қаныбек Сарыбаевтың: «Бәріміз білетінді бәрімізден бұрын айтудың өзі – ақындық. Ақындықтың арғы атасы – батырлық» деген сөзі бар еді. Бұдан шығатын қорытынды: қай адам болмасын өз ойын айта алады. Дегенмен, наразы тұсын жасырмай айтуға кез келгеннің батылы жетіспейтіні өтірік емес. Біз бұл тұста Бауыржан Үсеновты батырлық танытқан батыл азамат деп еш күмәнсіз айта аламыз. Себебі, оның «Қара машина» деген өлеңі оның намысы жоғары, мінезі тік, жаратылысы ерен екенін дәлелдейді. Олай болса, мұны кейінгі ұрпақ біліп жүруі тиіс.
Осындайда ойға оралады. Студенттік кезде КазГУградта факультет пен факультет, курс пен курс арасында жиі-жиі айтыс өткізіліп тұратын. Оның басы-қасында ұйымдастырушы ретінде өзімнің де жүргенім бар. Бірде жатақхананың фойесінде Бауыржан Үсенов жоғары курста оқитын, өзінен он жастай үлкен Абдулхамит Досыбаев (марқұмдардың әруағы риза болсын) екеуі айтысатын болды. Сол айтыста Бауыржан домбырасын қағып-қағып жіберіп:
«Әбеке, халің қалай амансың ба?
Қартайғанда тап болдың жаман сынға.
Бала деп ежірейіп отырсың ғой,
Баладан сыбағаңды аласың да!», — деп бастай келіп, айтыстың бір тамаша үлгісін көрсеткен еді. Шынымен де қарсыласына «сыбаға» берген айтыс болды. Оған марқұм Әбекең еш ренжіген жоқ, қайта «Міне, талант! Талант қашанда талант!» деп арқасынан қағып, қол алысып әдемі тарасқан еді.
Айтыс дегеннен шығады, бір күні бөлмеге Бауыржан ішек-сілесі қата күліп кірді. «Не болды?» деймін ғой, баяғы. «Анау Бағдат…» деп одан сайын күледі. Сөйтсем, Бағдат деген бізден төмендеу курста оқитын қыз:
«Шыбын ұшып бара ма,
Шіркей ұшып бара ма?
Меніменен айтысып,
Көтің қышып бара ма?!» деп қойып қалыпты. Бірақ кімге айтқаны есімде жоқ, мүмкін Бағдаттың бөлмесіне барып, «кел, екеуміз айтысайық» деген Бауыржанға, бәлкім басқаға болар, соны сұрамаппын. Әйтеуір «Анауың жынды екен ғой» деп бір рахаттанып күліп келгені есімде.
Бауыржанның ақындығы, композиорлығы, әншілігі, азаматтығы бөлек-бөлек әңгіме, Оны басқалар жаза жатар, осы орайда Мұқағалидың «Тымырсық» деген өлеңіне ән жазғанын білемін. Оны өзі керемет орындаушы да еді. Кейде Амангелді екеуміз кездескенде «керзі» даусымызға салып айтып та қоятынбыз. Соны әншілердің аузынан өз басым естімедім, егер орындаушысы табылып жатса дұрыс болар еді деген тілек бар.
«Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем тек сенен.
Жаман бір ойлар жанымды шарпып өтсе егер,
Мен жақтан саған бір суық хабар жетсе егер,
Жалғызым менің қайтер ең?!
Ұшар ма ең қанат байланып,
Қалар ма ең, әлде ойланып?!
Қайтер ең жаным, қайтер ең,
Көзіңнен аққан дарияға
Көпір сап жаным өткейсің,
Қалайда маған жеткейсің,
Адасып сірә кетпейсің!» деп келетін.
Бұл әнді Гаухарға талай рет айтқан да болуы керек., өйткені екеуі жарасымды жұп болып жүрген кездері өмірге келген-ді.
Неге екенін қайдам, әйтеуір осы өлең жолдары еске түссе болды, Бауыржан марқұм көз алдыма келеді. Сосын осы өлеңнің мазмұнына мән беріп, досымның тағдырымен байланыстырамын. Кім білсін, өзінің өмірден ерте кетерін сезді ме екен, әлде… Әйтеуір «Мен жақтан саған бір суық хабар жетсе егер» деген тармаққа келгенде тамағыңа еламан қылтық тұрып қалғандай күй кешесің. Ойланасың. Сағынасың. Қимайсың…
Көңіл қимағанмен, арсыз ажал Бауыржаңды арамыздан тым ерте алып кетті. Несін жасырайық, соңғы жылдары Бауыржанмен қоса біраз замандастарымыздан да көз жазып қалдық. Басқасын айтпағанда, біздің бір ғана курстан Мәриям, Ғабидолла, Дихан, Әлімбай, Әуесбай, Қаржау, Мәлік, Есжан, Ілес секілді жақсы-жайсаңдар бақилық болыпты. Арғы-бергі курсты тізбелесек, тіптен көп. Мұндайда айтар сөз «Жазмыштан озмыш жоқ», «Қаратаудай қайғыға, Алатаудай сабыр керек» дегенге тірелсе керек. Біз қанша қимасақ та ендігі сөз естелік сарында айтылады.
Бауыржанның соңында Гаухардай жары, Біржандай ұлы қалды. Бұл өлді деуге келмейтін өмір жалғасын ұқтырады. Жақсының өзі жер бесікке түскенмен, соңында өнегесі қалып отыр. Мұндайда оның екінші өмірі жалғасын тапты десек, дарынды азаматтың рухы биіктей түспек.

Базарбек ТҮКІБАЙ,
ақын-сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі