ТҮРКІСТАН: СТУДЕНТТЕРДІҢ БИЗНЕС ЖОБАЛАРЫНА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды. Меморандум — студенттерді білім мен тәжірибе алмасу арқылы шабыттандыру және бизнес қауымдастығын құру мақсатында құрылған. Келісім шартқа университеттің Ғылым және стратегиялық даму вице ректоры Айнаш Өшібаева мен облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қол қойды.
Кездесуде кәсіпкерлікке қызығатын студенттердің жобалары тыңдалып, кәсіпкерлер палатасының ұсынатын мүмкіндіктері жайлы сөз қозғалды. Одан бөлек, меморандумның мақсаты – білім мен кәсіпкерлік серіктестігін қалыптастыру, «Yasawi» инкубациялық бағдарламасының түлектерінің кәсіби дағдыларын дамытуға және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу екендігі айтылды.
«Сіздер ұсынған жобаларды толықтай қолдаймыз. Меморандумнан бөлек, әр студенттің жобаларын сүйемелдеп, қолдауға тырысамыз. Мемлекеттік қолдауларға ие болу үшін бірлескен түрде өңірлік бағдарламалар жасауға болады. Жастардың жобаларымен қоса, өңірімізде қай саланы дамыту қажеттігі жөнінде де сарапта жүргіземіз»,- деді Асылан Ибадуллаев.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі