ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ, ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ!

169


Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ІІІ-ші Ұлттық құрылтайда ұлтымыздың тәлім-тәрбиесіне үлкен мән беру керек екенін нақтылай түсті. Ұлттық тәрбие – рухани жаңғырудың қайнар көзі. Келелі жиында еліміздің болашағы әрі қозғаушы күші болып саналатын жастарымызға ерекше мән бергенін айтуға болады. Бүгінгі жас ұрпақтың әлеуеті зор екеніне ешкімнің таласы жоқ деп айта аламын. Тәуелсіз елімізде, озық ойлы, еркін сөйлей алатын, нақты пікірін жеткізетін жастардың легі қалыптасты десем қателеспеймін.
Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Сондықтан да, ұлттың сапасын арттыратын келешек ұрпақ – ол Біз, Сіз тәрбиелеп отырған ұл-қызымыз. Президент айтқандай: «Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады». Сондай-ақ бұл сөздің түп негізі Мемлекет басшысының ұсынған «Адал азамат» ұғымы Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқанын байқауға болады.
Ел Президенті жиында елдің болашағы үшін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін айтып өтті. Осы үш ұғымды жастарымыздың бойында қалыптастыра алсақ, нағыз мемлекетшіл, отаншыл, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз деген сенімдемін. Абай атамыз армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы – «Толық адам» сонда ғана қалыптасатыны белгілі.
Түйген ойым, қай салада болмасын адалдықты ту ететін тұлғалар қызмет ететін болса, еліміз қарыштап дамып, әлемде ойып алар орны бар елге айналамыз деген сенімдемін.
Имашев Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі