ШЫМКЕНТТЕ 259 МЫҢНАН АСА ОҚУШЫ АВТОБУСТА ТЕГІН ЖҮРЕДІ

369

Шымкентте 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте мектеп оқушылары тегін жүре алады. Сонымен қатар бұл тізімге 8 категорияға жататын азаматтар кіреді. Алдын ала мәлімет бойынша 300 мыңнан аса адам автобус қызметіне ақы төлемейді.

Шымкентте 1 мамырдан бастап мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін қатынай алады. Бұл туралы транспорт басқармасы мәлім етті. Сөздерінше балалар төлем картасын міндетті түрде өзімен алып жүріп, валидаторға басуы керек. Сонымен қатар ақысыз автобус қызметін қолдана алатын адамдар тізімі жаңарды.

«1)Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне; 2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге; 3) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне; 4) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандарға; 5) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға; 6) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға; 7) саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде адамдарға; 8) екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар; 9) мүгедектігі бар балаларға; 10) 70 жастан асқан зейнеткерлерге; 11) оқушыларға», –  дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Шерзат Сүттібаев.

Ата-аналар жаңа бастаманы қолдайтынын айтады. Сөздерінше бұл көпбалалы отбасыларға тиімді. Себебі енді жолға кететін қаражатты баланың өзіне және керек жарағын әперуге жұмсауға болатынын айтады.

«Менің ойымша тиімді. Себебі көпбалалы отбасылардың бірнеше баласы сабаққа барады. Олардың бәріне ақша кетеді ғой. Сол ақшаны енді үнемдеп, оқулықтарын әперуге, басқа үйірмелерге қатысуына жұмсаса болады»

«Алыстан келетін, қала сыртында тұратын оқушылар бірнеше автобус ауысады ғой. егер оқушылар тегін жүретін болса, соларға тиімді болады, бұл жақсы жаңалық»

«Бұл жақсы ғой. Күніне қанша бала сабаққа барады. Қайтады. Қалтасындағы ақшасын кейде жоғалтып алады. Ондай кезде қайта алмай қалатын жайттар болады ғой. Сондайда жақсы екен»

Бұған дейін қалада 20 мыңға тарта азамат тегін жүрсе, оқушылар мен студенттер жолақысын жеңілдікпен төлеп келді. Ал 1 мамырдан бастар бұл көрсеткіш 300 мыңнан асады деп жоспарланған. Айта кетейік, қазір Шымкентте 259 мыңнан аса шәкірт бар.