ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЭКОАКЦИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ АПТАСЫНДА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕ БОЙЫ ТАЗАЛАНЫП, 1 031 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

123

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Таза өлке» апталығы аяқталып, «Киелі мекен» апталығы басталды. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аталған экоакция аясында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Облыс басшысы игі істі барынша жоғары дәрежеде атқаруға және барлық құрылымды жұмылдыруды тапсырды.

– Аталған акция барысын бақылап, қадағалап отырмыз. Қозғалыс бар. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан тазалық жұмыстары тек науқан шеңберінде емес, жыл он екі ай бойы жүргізілуі керек. Екіншіден, тек мекеме қызметкерлері емес, тұрғындардың өзі де атсалысып, тазалықты дағдыға айналдырғандары жөн. Әр аудан, қала әкімінің жанында тазалық пен абаттандыруға жауапты орынбасар немесе кеңесші бекітілсін. Тазалық және абаттандыру жұмыстары бір жүйеге қойылып, тұрақты жалғасуы тиіс. Аймақ қашан тазарып, көшелер мен үйлер реттелгенше бұл жұмысты тоқтатпаймыз, – деген облыс әкімі жауаптыларға міндеттеме жүктеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аудан, қаланы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша «Таза өлке» апталығы аясында 267 көлемді іс-шара өткізіліп, 2 839 көше бойы мен 58 407 шаршы метр аяқжол тазаланды. 140 мыңға жуық ағаш отырғызылды. 144 мыңнан аса ағаш әктелді. 346 саябақ пен сквер және 298 балалар мен спорт алаңшасы ретке келтірілді. 272 шақырым көпір мен өзен-каналдардың және бұлақ арналарына тазалық жұмыстары жүргізілді. 517 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы мен жертөлелер, кіреберістері тазаланды. Сондай-ақ 13 сәуір күні өткізілген жалпы сенбілікте 1031 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 25 мың адам тартылып, 316 техника жұмылдырылды.

Өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тазарту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тиімді жүргізу үшін облыстың аудан, қалаларының аумақтары секторлар мен учаскелерге бөлініп, бекітілген. Бұдан бөлек мобильді топтар құрылған. 6-13 сәуір аралығында жүргізілген жұмыстардың қорытындысымен, бір аптаның өзінде 1000-нан аса айыппұл салынған. Жалпы жыл басынан 6 752 тәртіпсіздік тіркелген.

Айта кетейік, еліміз бойынша 10 сәуір күні басталған экологиялық акция 11 мамырға дейін жалғасады. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Экоакция аясында өткен «Таза өлке» апталығы аяқталды. «Киелі мекен» аптасында Түркістан облысында 170 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде зиярат етушілер мен туристер көп болатын Сауран қалашығы, «Укаша ата» мен «Жүсіп ата» кесенесі, Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі секілді киелі орындар тазаланады. Алдағы уақытта «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» науқаны бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылады.