ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ КЕШКІ УАҚЫТЫН ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА АРНАДЫ

96

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Республикалық шараға Түркістан қаласы әкімі аппаратының жас мамандары өз үлесін қосты.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шараға қызметкерлер кешкі серуен уақытын арнады. Жұмыс уақыты біткен соң мамандар шаһардың туристік аймағы саналатын мәдени-рухани орталық аумағын қоқыстан тазартуға шықты.

Сенбілік барысында бұл бастаманың тазару мен жаңару маусымы саналатын көктем мезгілінде бастау алуының маңызы зор екендігі айтылды. Сонымен бірге қатысушылар халық әндерін шырқап, сергіту сәтін өткізді.

Акцияға қатысушы қала әкімі аппаратының жас маманы Ердәулет Төрехан: «Тазалықты ту еткен жобаның тұрғындарға берері мол. Табиғатты аялау, тазалықты ұстау ол тек қала үшін ғана емес, бәріміз үшін ортақ дүние. Ортақ үйіміздің тазалығын қамтуға әрбір тұрғын міндеттіміз» деді.

Сенбілік соңында мамандар облыс тұрғындарына «Таза Қазақстан» республикалық акциясына атсалысуға шақырып, арнайы челлендж жолдады.

Айта кетейік, 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістанда «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.