ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

114

Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына Түркістан облысынан гуманитарлық көмек жеткізілу жалғасып жатыр. Бұған дейін облыстық «Жастар ресурстық орталығында» штаб құрылып, қабылдау пункті ашылған болатын. Алғашқы сәтте-ақ өңір жастарынан құралған ерікті топ көмекке аттанды.

Азық-түліктер қатарында макарон, ұн өнімдері, мал және құс еті, өсімдік майы, консерві өнімдері, мұздатылған балық жеткізілуде. Диқандардың маңдай терімен жиналған картоп пен жуа, кептірілген жемістер, жылыжай өнімдері жөнелтілді. Тігін фабрикалары да көрпе-төсек, киім-кешек түрлерімен үлес қосты. Азаматтар тұрмысқа қажетті өзге де бұйымдарды ел болып бірігіп жинап, зардап шеккен тұрғындармен қолда бар мүмкіндіктерімен бөлісіп жатыр.

Игі іске Түркістан облысының 17 аудан, қаласы үлес қосуда. Түлкібас ауданының жұртшылығы ұйымшылдық танытып, солтүстіктегі ағайынға қиын сәтте қолдау көрсету мақсатында 27 тоннадан астам гуманитарлық көмек жолдады. Бұл жерде қазіргі таңда су тасқыны орын алған аймаққа аса қажетті деген азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, құрал-саймандар мен резеңке етіктер, балаларға арналған жөргектер, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер бар.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихатының депутаты, Қалыйма Жантөреева облыстағы «Жастар рухы» жастар қанатының көшбасшысы Жансерік Жұманмен бірге Ақтөбеге барды. Қолдау ретінде жалпы қаржысы 8 млн теңге болатын 100 түйе жүн көрпе, «Түркістан» эмблемасы бейнеленген 300 дана жылы күртеше мен бейсболканы пойызбен жеткізді. Қалыйма Жантөреқызы қиындық көрген жандарға жылы сөзін арнап, қиындықты сабырмен еңсеруге шақырды. Ақтөбенің іргелі жұрты әлі талай қызықты күндерге, табысты сәттерге куә болады деген сенімін білдіріп, ақжарма тілегін арнады.