«ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЙЛАҒАН ХАЛЫҚ АҒАШ ЕГЕДІ…»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Яғни, елді мекендердің көшелерін тазарту, ағаш отырғызу және аумақтарды абаттандыру науқанын бастауды тапсырды.
Үшінші мегаполис тұрғындары бірінші болып қаланы абаттандыруға және көркейтуге кірісті. Қала әкімдігі шенеуніктерінің жұмысында қаланы көгалдандыру ісі қашанда бірінші орында тұрады.
Бүгінде мегаполисте 8 саябақ пен 39 сквер бар. Шымкент қаласындағы жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, экология саласында 30 жыл бойы атқарылған жұмыстар аз емес. Халықаралық рейтингтерге сәйкес, Еуропа елдерінде бір адамға 24 шаршы метр жасыл алаңнан тиеді екен. Қазір Шымкентте әр адамға 5-6 шаршы метрден ғана тиесілі болғандықтан, шаһарда бұл бағытта әлі біраз жұмыс істеуге тура келеді. Дегенмен, жалпы қабылданған стандартқа сәйкес, бір адамға кемінде 10 шаршы метр жасыл алаң болуы керек. Ал, қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспары бойынша қаланы абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар мен 4 саябақ салынады. Осы сәуір айының басынан қалада «жасыл белдеу» аумағын ұлғайту бойынша белсенді жұмыстар басталды.
Қазірдің өзінде қаланың көптеген аудандарында қызғалдақтар гүлдеп тұр. Мегаполистің бес ауданында бүгінде бес жекеменшік компания абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл «Жасыл-Жер» ЖШС, «Казстрой-Капитал» ЖШС, «Группа-Интеко» ЖШС, «Шымкентспецкомплекс» ЖШС. Әр ауданда күнделікті санитарлық тазалау жұмыстарына ауданның ауқымы мен жұмыс көлеміне байланысты 200-ден 300-ге дейін адам мен бірнеше ондаған техника тартылады. Мәселен, қала әуежайының жаңа терминалына апаратын жолдың бойындағы 9 шақырымдық жерге қырым қарағайы, терек, қара өрік, сәндік тұт, арша көшеттері егілді. Биыл көктемде Шымкентте 120 мыңнан астам сәндік және жеміс ағаштары көшеттерін, тағы 20 ағашты ормандарға отырғызуды жоспарлап отыр.
Барлық жерде жұмысшылар өскен шөптерді орып, кей жерлерге шөп егуде. Оның үстіне пайдаланылмаған және талап етілмеген ауыл шаруашылығы алқаптарына жүздеген, мыңдаған жеміс ағаштары көшеттерін отырғызуда. Сәуір – абаттандыру және көгалдандырумен айналысатын мердігер компаниялардың күн сайын өздерінің арсеналындағы барлық техника мен жұмыс күшін жұмысқа шығаратын ай.
Осы егіліп жатқан көшеттер болашақта тоңғанға пана, ыстықтағанға көлеңке беріп қана қоймайды, ең алдымен қамбаны толықтырып, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешеді дейді әкімдік мамандары. Осылайша Шымкентте жеміс ағаштарын отырғызу арқылы «жасыл белдеу» аумағы жыл сайын ұлғайып келеді, оның ауқымы қазірдің өзінде 8 мың гектардан асты. Жергілікті кәсіпкерлердің есебінен ұңғымалар қазылды, ал меценаттарға бау-бақша отырғызғаны үшін қала билігі қаржылық шығындарының 25 пайызын өтеп береді.
Қазіргі таңда қала үшін микроклиматты қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Шенеуніктер мен қала тұрғындарының басты мақсаты – сүйікті Шымкентін тез арада «жасыл қалаға» айналдыру. Сондықтан жыл сайын кешенді шаралар қолданылып, барлық суару жүйелері мен жасыл алқаптарға тексерулер жүргізілуде.
Биыл жыл басынан 80-ге жуық ұңғыма мен 70 шақырымнан астам жаңа суару жүйелері іске қосылды. Суару жүйелерін іске қосу бойынша жүргізілген шұғыл шаралардың барлығы жасыл алқаптардың көлемін ұлғайтуға көмектесті. Мәселен, жасыл желекті ұлғайту мақсатында қала орталығындағы «Спутник» сквері мемлекет меншігіне қайтарылып, демеушілер қаржысына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бюджетте жоспарланған барлық шығыстар еліміздің заңнамасы нормалары мен талаптарына сәйкес қалыптасады. Бюджетке қаланың жасыл желектерін күтіп-баптау, жаңа ағаштар отырғызу, мезгіл-мезгіл тыңайту, суару, кесу, әктеу және қардан тазарту жұмыстары кіреді. Қасиетті Рамазан айында егілген ағаштардың тамыр жайып, аптап ыстықта халыққа сая болатынын қаланы көгалдандыруға мүдделі тараптар бірауыздан алға тартып отыр.
Байзақ АСЫЛБЕКОВ