«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: НАУҚАН 5 АПТАҒА СОЗЫЛАДЫ ЖӘНЕ КӨШЕЛЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ 

125

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізді. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды.

Республикалық экологиялық акцияны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады.
Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалар мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» аптасында су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.
Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде қазылған орындарды ретке келтіру мәселесі талқыланды. Жиында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Р.Меңдіқұлов қала аумағындағы қазылған жерлер туралы баяндады.

Зерделеу жұмыстары қорытындысымен Абай ауданында — 40, Қаратау ауданында — 53, Тұран ауданында — 8, Еңбекші ауданында 38 қазылған жер анықталды.
Қала әкімі сала басшыларына қазылған аумақтарды қалпына келтірмеген, тұрғындарға қолайсыздық туғызған мердігерлерге қатаң шара көруді ескертті. Аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларының жұмыстарын бағалау қала тазалығымен байланысты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М. Мықтыбеков саланы дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Басқарма басшысына мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру жүйесін заң талаптарына сәйкес атқару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.