АУДАН ӘКІМІ ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

112

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев бекітілген кестеге сәйкес Қажымұқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

“Жастар орталығы” ғимаратында өткен кездесуге тұрғындардан бөлек аудандық мәслихаттың, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің төрағалары, аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, депутаттар, салалық бөлімдердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Кездесуде аудан әкімі тұрғындарды жыл басынан атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы құлағдар етті.

Мәселен, бұдан алдыңғы кездесуде Қажымұқан ауылдық округінің тұрғындары тарапынан 27 мәселе көтерілген. Олар негізінен көшелерге жарықшамдар орнату, су мұнарасын іске қосу, көшелерді жөндеу, жерлерді ортақ жайылымға қайтару, қоғамдық көлік, табиғи газ және т.б. мәселелер. Нәтижесінде 10-ы шешімін тапқан. Қалғандары кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Биыл ауылдық округте бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтатын болсақ, Ынталы ауылындағы Егемендік, Ұзақбай, Елтай, Бимағанбетов, Малдыбай көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Амангелді ауылындағы Егемендік, Руханият, Шапағат көшелері, Қызылсеңгір ауылы Тұлпар, Төлтаев көшелері де орташа жөндеуден өтеді деп күтілуде.

Темірлан ауылы Арыс-Абасов көшесі қиылысы мен Арбат аумағындағы Су бұрқаққа орташа жөндеу жүргізілуде. Олар жуырда пайдалануға берілмек.

Жалпы, Қажымұқан ауылдық округінде, оның ішінде орталықта тындырымды тірлік көп.

Кездесудің екінші бөлімі сұрақ-жауап форматына ұласып, тұрғындар мәселе көтеріп аудан басшысына сұрақтарын қойды. Әрбір сұраққа жауап қалмай, олар хаттамаға түсіріліп, салалық бөлім басшыларына, ауыл әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиыннан соң аудан әкімі тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.