АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “АУЫЗБІРШІЛІК БОЛСА ЖҰМЫС ЖЕМІСІН БЕРЕДІ”

97

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев бектіліген кестеге сәйкес Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов, аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудандық мәслихаттың депутаттары, салалық бөлімдердің басшылары, мекеме директорлары, қоғам белсенділері қатысты.

2023 жылғы есепті кездесуде Бадам а/о бойынша 12 мәселе көтерілген болатын.

Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалынып, кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 4 мәселе шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, Ордабасы елді мекеніндегі «Ордабасы» жалпы орта мектебіне баратын «Таңбалы бұлақ» көшесіне тас төсеу мәселесі бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, тұрғындардың Бадам елді мекені, «Баян» кіші маркеті және емхана тұсына жол кедергісі орнату бойынша сұрауы орындалып, автомобиль жолдарын күтіп ұстау есебінен жол кедергілері жасалынды.

Бадам елді мекені, А.Шерімқұлов көшесінің жарықшамдарын ретке келтіру жұмыстары бойынша демеушілердің есебінен істен шыққан жарықшамдар наурыз айында қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар, Дербес елді мекенінде салынып жатқан ФАП пайдалануға беру мәселесі көтеріліп, нысан бүгін ел игілігіне табысталды. Қалған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі бадамдықтарға қажетті көшелерге тас төсеу, асфальт салу және елді мекендерге табиғи газ, ауыз су, электр энергиясын тарту, абаттандыру және т.б.бағыттар бойынша 2024 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар туралы баяндама жасап, кез-келген жұмыстың нәтиже беруі және жемісті болуы үшін бірінші кезекте ауызбіршіліктің болу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, бадамдықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” акциясына үлес қосуға шақырды. Әрбір тұрғынның тазалық жұмыстарында белсенді болуы қажеттігін тілге тиек етті.

Кездесу сұрақ-жауап форматына ауысып, тұрғындар жайылым жер, жол, тазалық және т.б.мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Әр сауал жауапсыз қалмай, олар хаттамаға түсірілді.

Жиынның соңында аудан басшысы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.