ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА СОҢҒЫ БІР АЙДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАРДЫҢ САНЫ 30 ПАЙЫЗДАН АСҚАН

590

Шымкентте COVID-19 індетін жұқтыру фактілері көбейіп отыр, соңғы бір айда вирус жұқтырғандардың саны 31 пайызды құраған. Қауіпті инфекциядан көз жұмғандар саны да артқан. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Позилов Бақытжан Ақпараттық коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері қауіпті індет 10264 науқастан анықталған.

«Қазірде жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 1263 науқас ем қабылдауда. Аурухана толымдылығы 58% құрайды. Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 342 жағдай тіркелді. Қазір ауруға шалдыққан науқастардың саны күрт көбейген. Өкінішке қарай, қалада жыл басынан бері 191 науқас қайтыс болды. Қайтыс болғандардың барлығы вакцина алмаған»,-деді Б.Позилов.

Айта кетейік, бүгінгі күні қалада коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 2 196 төсек орын бар. Эпидемиялогиялық жағдай өршігенде, инфекциялық төсек орындар саны бес мыңға дейін көбейтіледі. Бұл үшін медициналық мекемелерде дәрілік қормен және қажетті жабдықтармен қамтылған.