ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ

82

Шымкент қаласындағы емханалар жанынан ашылған үздік тәжірибелік орталықтардың жұмысы республикадағы медициналық ұйымдарға үлгі ретінде таратылуда. Маңғыстау облысынан келген арнайы делегация қалалық №6 емхананың үздік тәжірибесімен танысты.

Құрамында денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, бөлім басшылары, әлеуметтік қызметкерлер, психологтардан құралған 30-ға жуық маман шымкенттік дәрігерлермен тәжірибе алмасты.
«Маңғыстау облысында емханалар жанынан 3 үздік тәжірибелік орталық ашу жоспарланған», деп атап өтті делегацияны бастап келген Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасар.
– Шымкент қаласындағы «Үздік тәжірибелік орталық» жұмыстары өте белсенді жүруде және ол өзінің оңды нәтижесін көрсетуде. Сондықтан шымкенттік дәрігерлердің озық үлгімен танысып, тәжірибе алмасу арқылы медициналық қызмет көрсетудің жаңа моделін өзімізге енгізуді мақсат етіп отырмыз. №6 емханада бұл жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткіздік. Халыққа көрсететін медициналық қызмет инновациялық технологияларымен ерекшеленеді. Халықты есіктен кіре берістен қабылдауынан бастап, алдымен қажеттілігін анықтайды, пациентермен сөйлескенде көзқарасы, сенімін арттырғанын байқадық. Бұл – өте маңызды. Өйткені, қазір халықтың талабы өзгеріп жатыр, – дейді Бекболат Оразбайұлы.
Делегация мүшелері емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, халық кеңесі, тренинг орталықтары, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті модель бөлмесі, денсаулық мектептерінің жұмыстарымен толық танысып шықты.
–«Үздік тәжірибелік орталықтың» ерекшелігі – әлеуметтік қызмет пен медициналық қызмет біріктірілген. Екі қызметті біріктіру арқылы бір топта мейіргер, әлеуметтік қызметкер, психолог мамандардан құралған мультидициплинарлық команда жұмыс істейді. Емханаға тіркелген 61 500 тұрғын бар, яғни олар 12 300 отбасыны құрап отыр. 6 мыңға жуығы әлеуметтік осал топтағылар. Оларды бірінші отбасылық дәрігер бақылауында ұстайды, дәрігерде 3 мейіргер бар. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар әлеуметтік осал топтағы әр отбасымен жеке жұмыс істейді, – деді Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл
Қылышбаева.
Атап өтсек, Шымкент қаласында 4 емхана жанынан «Үздік тәжірибелік орталық» ашылған. Соның ішінде жаңа модель алғаш болып №6 емханаға енгізілген. Үздік практика негізінде 141 маман біліктілігін арттырған. Бүгінде емханада «Емхана науқастардың көзімен», «Емханадағы алғашқы 5 минут», «Мейігерлердің жеке қабылдауы» секілді 11 жаңа жоба жүзеге асырылуда.

С.БОЛАТ