ҒЫЛЫМНЫҢ ЕСІГІ ҚАЙТСЕ АШЫЛАДЫ?

63

Әлем мойындаған Әл-Фараби, Ибн Сина, Хорезми, Әл-Джабри сынды мыңдаған ғалым физика, математика, география, астрономия салаларында үлкен жаңалықтар ашып, исламның білімнің, ғылымның діні екендігін дәлелдеді.

Таңқаларлығы, XVI ғасырға дейін Орта Азия ғалымдарының география, математика саласындағы еңбектерін Еуропа оқытып келген. Ендеше, діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы жоғалған байланысты қайтсек жаңғырта аламыз?

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының пікірінше, дін – адамды білімге қарсы қоймайды, адамның ізденістеріне тұсау салмайды. Бірақ, позитивтік және материалистік теориялар ғылым мен ойлау жүйесін толығымен тұмшалап алды. «Басқаша айтқанда, ақиқаттың ғылымына бастайтын жолдар тарылды. Барлық нәрсені материямен, табиғатпен байланыстырып қойдық та, метафизикалық түсіндірулер толықтай ысырылды.

Анығында, атоммен бірге субатомдық және макроатомдық әлемдерде зерделеніп , ықтималдықтарға орын берілуі қажет еді. Осы жерде Майлықожа ақынның «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші» деген сөзі еске түседі. Мұсылмандар Алла Тағаланы білім, ғылым арқылы тануға тырысуы тиіс. Сонда барып иман еліктеумен шектелмей, шынайы тақхиқи иман дәрежесіне ұласады. Бүгінгі күні жасалуы керек маңызды істің бірі осы. Яғни, жастарға жаратылыс пәндерін оқытып, оған діндегі имандылық пен тәрбиені ұштастыра білу.

Діннен хабарсыз болу адамды сауатсыз дүмше етсе, дінде тым оғаштықтарға, әсіреліктерге барудың соңы – көзсіз фанатизм. Осы себепті дінді дұрыс пайымдаған жағдайда, ол адамға ғылымның да есігін ашады. Өйткені, ислам білімді кісінің дәрежесін әрдайым жоғары қояды. Қасиетті Құран аяты білімділер мен білімсіздердің тең бола алмайтынын назарға ұсынады. Бүгін кейбір мұсылман ғалымдар миға ғылым, жүрекке руханият, имандылық керектігін айтып, осы бағытта қатар жұмыс істеу керектігін түсіндіруде» дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

Спикер Алаш зиялылары да өз заманында мұсылман жұртына білімді болу үшін оқу, бай болу үшін кәсіп, ауызбіршілікте болу үшін ынтымақ керектігін дәріптеуден жалықпағанын атап өтті. Осы себепті діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы жоғалған байланысты ғылымға жаңаша көзқараспен қарау арқылы, сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру ісін жұмыла қолға алу арқылы қайта жалғауға болады.