ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ

61

Ауданда дін саласындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданы Шардара қаласында орналасқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушыларымен «Діни ағымдардың алдын алу», «Дінаралық, ұлтаралық — ел бірлігінің кепілі», — тақырыбында кездесуге аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округі «Қонар ата» мешітінің имамы Е.Сариев қатысты.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов: Дінаралық келісім мен ұлтаралық татулық — тәуелсіз ел жетістіктерінің бірі. Ұлттар арасында келісім мен ынтымақ, конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің арқасында елімізде, оның ішінде ауданымызда діни, саяси ахуал тұрақты. Елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениеті мен салт — дәстүрлерін дамытуға, өз діндерін ұстауға барлық жағдай жасалған. Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Сондай — ақ, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстанымына кепілдік береді. Тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әр алуан сан ұлт пен ұлыстың өкілдері тату — тәтті өмір сүруде. Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін қызмет ету, Отан мен отбасына, ел мен жеріне деген сүйіспеншілікті жас өскін бойына қалыптастырудың маңызы арта түсуде. Сондықтан бұл бағытта ұйымдастырылып жатқан әртүрлі шаралар жемісін беруде деп сөзін қорытындылады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: Адамзат баласының дұрыс жолдан шығып кетуінің себебтері — дәстүрлі дінді, мәдениетті, тарихты, салт — дәстүрді білмеуі. Осы кереғар діни ағымдардың идеологиясын алдың алу үшін жастарымыз қазақ халқының ұлттық санасын бойына сіңіруі қажет. Дәстүрлі дініміздің рухани құндылықтары — ұлтымыздың болашағын айқындайтын маңызды фактор. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт — дәстүрлері, ой — пікірлері мен көзқарастары, дүниетанымы дәстүрлі дініміздегі құндылықтарымен байланысты деп сөзін аяқтады.

Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округі «Қонар ата» мешітінің имамы Е.Сариев: Қазіргі таңда біздің қоғамдағы Ислам атын жамылған ең үлкен қайшылық уахабилік, сәләфилік бағытты ұстанушыларға қатысты болып отыр. Олардың өздерінің теріс те зиянды пікір тұжырымдарын айналасындағыларға уағыз дауы жасырын емес. Қазіргі жастардың дінге деген қызығушылығы мен бетбұрысы өте жоғары деңгейде және жылдам жүруде. Алайда, осы дінге бет бұру үрдісінде діни білімді қайдан және қалай алып жатыр деген сұрақ басы ашық күйінде тұр. Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни — рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Жастардың қызығушылығы, жаңалыққа құштарлығы, тез бейімделгіштігі, рухани ізденімпаздығы сияқты ерекшеліктері оларды әртүрлі жағдайларға жетелейді. Мұндай теріс әрі зияны мол амал — әрекеттердің алдыналудың жолы, сақтану жолы — ол білім. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» дегендей, дәстүрлі Исламды яғни Исламдағы Ханафи бағытында сауатымызды ашып, ізденуіміз керек деп сөзін қорытындылады.