ҚАЖЫЛЫҚТЫ АТА-АНАСЫМЕН БІРГЕ АТҚАРДЫ

63

Алматы қаласының тұрғыны, химия пәнінен оқушыларды үздіктер қатарына қосып жүрген білікті жас маман Бауыржан Бақытжанұлы биыл қажылыққа ата-анасымен бірге барды. Кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін ұлы сапар жөнінде Бауыржанмен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Қажылық жолдамасын ата-анаңа сыйладың ба, әлде олар да барам деп жоспарлап жүріп пе еді?

– Негізі былтыр, яғни 2023 жылы ата-анама айтпай өзім үлкен қажылыққа келуді жоспарлаған едім. Әртүрлі себептермен ол ойым жүзеге аспады. Сөйтіп 2024 жылдың қажылық маусымына ертерек дайындалдық. Туроператормен келісім жасап, өткен желтоқсан айында ақшасын төлеп, орын алдық. Содан әкемнің 70 жас мерейтойын өткізіп, сол жерде туыстардың ортасында ата-анамызға үлкен қажылыққа жолдама сыйладық.

– Қасиетті мекенге табаны тигенде ата-анаңның көңіл-күйі қалай болды? Қағбаны көргендегі әсері қандай еді?

– Әрине, қасиетті жерге келіп тұрған соң әрбір адамда толқу болады. Ата-анам тіпті бармай жатып толқыды. Өйткені өздері жетпістегі қарт кісілер, оның үстіне Мекке-Мәдинада күн ыстық, қалай болар екен деп уайымдағаны бар. Бірақ Алланың қалауымен, Жаратқанның дәрменімен ата-анам қатты қинала қойған жоқ. Әрине қажылық сапарының өзіндік машақаты болады. Десе де біз алдымен Мәдинаға барып, үлкен қажылыққа дайындалдық. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне үш күн барып, сәлем бердік, қасиетті Раудада намаз оқып, дұға жасадық. Меккеде де ата-анамызға көп күш салмадық. Барған бойда тек бір ғана ұмра жасатып, қалған уақытта қонақүйде болды. Өйткені негізгі құлшылық рәсімдері, парыз амалдарына күш қажет, ауырып қалмауы маңызды.

– Қажылықта, әсіресе Мина-Арафат аймағында қиналып қалмады ма?

– Мина жазығына жиналу ата-анама қиын тимеді. Өйткені ол жақта барлық жағдай жасалған, ыстықтаса кондиционер қосулы, шөлдесе сусындар жеткілікті дегендей. Менің негізгі уайымдағаным Арафат еді. Себебі онда түскі уақыттан кеш батқанша 6-7 сағат дұға тілейміз, ата-анама қалай болар екен деп ойладым. Бірақ ол жаққа жеткен кезде мүлдем басқа көңілкүй болды. Сол сәттегі сезімді, алған әсерімізді сізбен жеткізу әсте мүмкін емес. Бәріміз де дұға жасаған сәтте, қасиетті жердің киесін сезініп, көзімізге жас алдық. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арафатта барлық дұға қабыл болады. Қабыл болмай қалды-ау деп ойлаудың өзі күнә», – деп айтуы бізге дем берді. Алла Тағаланың өзгеруімізге, анадан жаңа туған сәбидей болып шығуымызға мүмкіндік бергенін түсіндік. Сөйтіп Арапа күнін де өткізіп, Мұздалифаға жолға шықтық. Ол жақта сүннетке сай ақшам мен құптан намаздарын қосып оқып, ары қарай таңға шейін ұйықтадық.

Таң намазынан кейін әр мемлекетке бөлінген автобустар келіп қажыларды Жамаратқа қарай алып кетіп жатты. Адам көп болғандықтан, кептеліс болып, автобусты ұзақ күтуге тура келді. Содан анам автобусты күтіп, ал біз әкем екеуміз жаяу тарттық. Жолда да әкем қиналмады, тіпті бір дыбыс та шығармады. Мұздалифадан Минаға, Минадан Жамаратқа, одан кейін Қағбаны тауап ету үшін тағы жаяу жүрдік. Бірақ Алла Тағала өзі шақырған соң өзі күш-қуат беретінін сезіндік. Бұл сапар шүкірімізді еселеді, өмірге деген көзқарасымыз ды өзгертті. Ата-ананың баласына жасаған дұғасы кері қайтарылмайды дейді ғой. Арафатта ата-анамның қызметінде болып, баталарын алуға барымды салдым. Олар да бұл сапардан ерекше рухани әсер алды. Қазір жағдайлары жақсы, Аллаға шүкір, елге аман-есен жетіп алдық.

– Болашақта ата-анасын қажылыққа апарам деушілерге қандай кеңес берер едің?

– Ең маңыздысы ақша емес екенін ескеру керек. Өйткені осы қажылық сапарына бір тиын шығармаған кісілерді де көрдім. Яғни Алла Тағала шақырса, ол адамның жолына ешнәрсе, тіпті ақшасының болмауы, жетпеуі де кедергі бола алмайды екен. Одан кейін ата-анамыздың 70-80 жасқа толуын күтудің қажеті жоқ. Барынша ертерек барған жақсырақ. Яғни бойында күш-қуаты бар адамның құлшылық жасауы да жеңіл болады. Ал ата-анасын апарам деп ниеттенген адам дәл бүгіннен бастап келесі жылға дайындала берсін. Әсіресе ата-анасының денсаулығына көңіл бөліп, ауыратын жерін емдеп алу керек. Кейін рухани дайындық жасап, қажылыққа барған кезде де күш салмай, көп жүргізбеу керек. Себебі жоғарыда айтқанымдай, қажылық маусымы бірнеше күнге созылғанымен, негізгі рәсімдері үш-төрт күнде атқарылады. Сол күндерге күш жинап баруы тиіс. Сондай-ақ өзі барғысы келген адам да жер ортасы жасқа жетуді мақсат етпей, қазірдің өзінде барам деп ниеттенгені дұрыс. Алла Тағала қажыға барған баршамызға «хадж мабрур», яғни кемшілігі жоқ, қабыл болған қажылықты нәсіп етсін, әмин!

 

Сұхбаттасқан Ермұрат ШОПАН