ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА МҰРА

80

Әрбір халықтың, ұлттың өзіндік ерекшеліктерімен мәдениеті, салт-дәстүрі ғұрыптары болады. Солардың барлығы «Ұлттық құндылық» деген ұғымға ие. Ал осы ұлттық құндылықтардың келешек ұрпақ тәрбиесінде атқаратын орны орасан зор. Ғасырлар бойы сақталып, өз мәнінен ауытқымай келе жатқан дәстүрлер бары анық. Алайда, уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, тіпті ұмыт қалып жатқандығы тағы бар. Қазіргі таңда жастар арасында ұлттық құндылықтың орны қаншалықты құрметке ие? Ата-бабмыздан мирас болып қалған бұл ғұрыптың сақталу керектігін білседе, немқұрайлы қарайтын жастарымыздың бары жасырын емес. Осындай немқұрайлылық өз тілін, дінін, дәстүрін білмеуге, қадірлеп, қастерлей алмауға, тіпті асыл қазыналарымызды уақыт өте келе ұмытуға дейін әкелуі бек мүмкін. Төл тарихынан алыстаған адам өз тамырынан ажырайды. Сондықтан өскелең ұрпақ үшін атадан мұра болып қалған құндылықтарымызды әр біріміз дәріптеуміз қажет.

Қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ондай келеңсіздіктердің құрбаны болған жастардың тәрбиесіне өзіміздің жауапты екенімізді сезінсек, қай жерден қателесіп жатқанымызды, тәрбие берудің қай тұсында ақсап жүргенімізді білсек, түсінсек  нұр үстіне нұр болар еді.

Ұлт болып ұйысып,  ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алатын маңызды мәселе – сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруге баса назар аудару.  Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы дегенге келетін болсақ, мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпеуді ойлап, ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу баршамыздың басты міндетіміз.

Ұлым, саған айтамын,

Сенен басқа кімге айтамын?..

Көкейімде тұншыққан мұңды айтамын,

Жұдырықтай жүректі жұлқып алып,

Алқымыма тығылған сырды айтамын.

Жұрт болуды ұмытқан қызды   айтамын,

Ұлт болуды ұмытқан ұлды айтамын.

Салт-сананың сары алтын сандығысың,

Саған айтпай, ұлым-ау, кімге айтамын?! – деп Бақыт Беделхан ағамыз жырлағандай, ұрпағымызбен сырласып, мұңдасып, кішкентайынан ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсірсек, бәлкім жастарымыз әбестіктерге бармас па еді? Біз көбінде жастарымыздың жақсысын ғана айтып, жаманына көз салмаймыз. Сонда олардың осал тұсын кім айтады? Сонау заманнан келе жатқан салтымызды,  ғұрпымызды қазақы қазыққа байлап, ділі мен дінін бәрінен ілгері қоятын ел едік қой.

Келешек ұрпақ үшін тәрбиені қазірден мойнымызға міндеттеуіміз қажет. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер айтса, соны айтатынын, не істесе соны істегісі келетінін бәріміз де білеміз. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені ол үшін адамгершілік тәрбиесінің ең үлкені, демек жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетер мен берер тәлімі мол болмақ. Қазақта «Алма ағашынан алыс түспейді», –  деген нақыл бар. Біз  көреген сауатты, көзі ашық көкірегі ояу адам болсақ, ұрпағымызда бұл ұстанымды жолға қояр бәлкім…