Түркістанда 11 мыңға жуық бала диспансерлік есепте тұр

63

Елімізде ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны жыл санап артып келеді. Сәйкесінше, оларды сауықтыруға арналған орталықтар мен мекемелердің де көбеюі заңды. Соның бірі – денсаулығында кінәраты бар балаларды сауықтыруға арналған Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ақ-бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы.

Бұл орталықта 3 жастан 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 175 төсек орын бар. Оның 85-і неврологиялық және 90-ы ортопедиялық орындар. Дертіне дауа іздеген бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары аталмыш мекемедегі оңалту курсынан өтеді. Оңалту орталығы Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы Қарағашты ауылында орналасқан. Табиғаты тұнып тұрған, әсем жерде ірге тепкен орталыққа келушілер көп. Оңалту орталығында емдік дене шынықтыру кабинеті, ойнау бөлмелері, әнтерапия және ойынтерапиялық бөлмелер жасақталған. Сонымен қатар ұлттық нақышта безендірілген арнайы мектеп кабинеттері мен аспан ғалам шарларымен көркемделіп, түрлі арман мақсаттарының оянуына жетелейтін телескоп қойылған бөлме де бар. Балалардың қабілетін шыңдап, қиялын дамыту үшін бұл орталық мүмкіндіктерге толы. Орталық мұнымен ғана шектеліп қалмай ұжым мүшелері де бір кісідей атсалысып, балалардың білімін жетілдіруге арналған мектеп кабинеттері мен ЛФК бөлмесін жасақтап шыққан.

Табиғаты тамаша тау бөктеріне жақын орналасқан, аумағы 7 гектар болатын «Ақ бұлақ» оңалту орталығы балалардың медициналық ем-шаралармен қоса үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету мақсатында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру көлемінде математика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, Қазақстан және дүниежүзі тарихы, жаратылыстану, география пәндері базалық тәртіпте оқытылады. Математика пәні Qalan.kz интерактивті онлайн порталы арқылы өткізіледі. Ерекше балалардың математикалық сауатын арттыру маңызды екенін ескеріп, аталған порталды Qalan.kz басшысы бір жыл тегін пайдалану мүмкіндігін сыйлаған. Орталық басшысы бүгінде келушілердің саны әлдеқайда көп екенін алға тартып, әр бүлдіршінге жеке оңалту жоспары құрылатынын атап өтті.

«Ең алғаш орталық 1939 жылы құрылған еді. Ол кезде біздің орталыққа «Украина» балалар үйінің тәрбиеленушілері орналастырылған. Кейін 1943 жылдың шамасында «Украина» балалар үйі Кавказға қоныс аударғаннан соң шипажай туберкулезге шалдыққан балаларды оңалтуға арналған «Ванновка» орталығы боп өзгертілді. 1997 жылдан бастап атауы «Ванновка» шипажайы «Ақ-бұлақ» атауына ауысқан. Бүгінде әр төртінші ата-ананың сәбиінің дамуынан, денсаулығынан ақау табылады. Ал осындай оңалту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін балалардың денсаулығын сақтауда таптырмас шешім екені анық. Әдетте бір баланың оңалту курсы 18 күнді құрайды, ал жылына төрт мыңға жуық бүлдіршін орталық көмегіне жүгінеді», – дейді Нұрхан Нарымбетова.

Қазіргі таңда Түркістан облысында ерекше күтімді қажет ететін 11 мыңға жуық бала диспансерлік есепте тұрады. Бұл есептің 30 пайызын жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балалар мен бүлдіршіндер құрайды екен. Оларға аталмыш өңірде – 4 оңалту, 3 қамқорлық мекемесі қызмет көрсетіп келеді. Соның бірі – осы «Ақ-бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы. Мұнда келіп ем алатын балалардың ата-аналары орталық ұжымына алғыстан басқа айтары жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының облыс бойынша штаттан тыс балалар реабилитологі Мариям Парманова орталыққа келушілер мен қызметкерлер арасындағы сыйластықты мақтанышпен жеткізді. «Ұжымдағы мейірбикелер мен кіші қызметкерлер бірігіп, бірі қабырғаға сурет салып, бірі ою ойып, тұсқағаз жабыстырып, бірі арнайы аппарат сатып алып беріп, бірі қолданыстан тыс қалған арбасын әкеліп, үлкен ұйымшылдық танытты. Бүгінгі таңда балалардың қай-қайсысы да телефонға телміріп отырады. Ата-аналар телефон мен гаджеттерге тәуелді баланың дамуы кешеуілдейтінін біле бермейді. Әдетте, жыламасын, мазамызды алмасын деп қолына гаджеттерді ұстата саламыз. Ал біздің бөлмелер мен оңалту процестері баланың көңілін алаңдатып, ойынға қабілетін ашса немесе бойларына білімге деген қызығушылығын оята алсақ, маман үшін ең үлкен қуаныш – осы. Жақсы бастама жалғасын таба берсін», – дейді.

Түркістан облысында аталмыш орталықтан бөлек бірнеше мекеме балалар денсаулығын оңалту жолында аянбай қызмет етіп жүр. Ерекше күтімді қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларға күтім жасап отырған ата-аналарға «Ақ-бұлақ» орталығының есігі әрқашан ашық.