“ҚАЗАҚ РАДИОСЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНАН ХАБАР ТАРАТА АЛМАЙ ОТЫР…”

373


Ауылға қайсыбір министр келсе, ауылдағы ағайынның аласүргін болатын әдеті емес пе?.. Әрине, министрдің келгені де, елмен етене кездескені де жақсы. Бірақ, бір әттеген-айы, сол келген министрлердің кейбірінің бұқарамен кездесуі “сірескен сценариймен” өтетінін несіне жасырайық. Бүгін қалай болды?.. Түркістанға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі келді. Бір нәрсеге қуандым. Ашық дидарласу болды. БАҚ өкілдері басындағы мәселесін “батырып-батырып” айтты. Әсіресе, Абай Балажан ағам:
“Мұғалімдердің, дәрігерлердің орташа жалақысы деген бар, бірақ журналистердің орташа жалақысы Үкімет заңымен бекітілмеген. Жасыратыны жоқ, 100 мың теңгеге дейін айлық алатын әріптестеріміз бар. БАҚ өкілдерінің жағдайын жасауымыз қажет”-деді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің этнос өкілдерімен кездесуі де еркін форматта өтті.
“Сен сөйле, сосын сен сөйле..” деген сияқты “сірескен” сценарий болған жоқ. Еркін микрафон. Модератор Түркістан облысы ҚХА жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Созақбай ағам кеңдікке салды. Ешкімді сөзден қысқан жоқ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де елдегі тұрақтылық пен татулық, халықтар арасындағы қоғамдық келісімді нығайту жайлы кесімді ойын айтты. Түркістан төрінде министрмен ашық-жарқын, жылы-шырай әңгіме өрбіді. Сан-алуан ұсыныс-пікір айтылды. Министрдің өзі де ашықтық танытып, кімде қандай сұрақ бар деп ишара білдірген соң емен-жарқын әңгіме болды. Үкіметтің құлағына үлкен ұсыныстар айтылды. Менде министр Дархан Қыдырәліге мәселе көтердім: ”Қазақ радиосы қазақтың арасына барып, ауыл-ауылдан күнделікті арнайы хабар тарата алмай жүр. Аймақтарда бірде-бір тілшісі жоқ. Ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосы мен Қазақ радиосының тыңдармандарына деген құрметіңіз болсын! Қазақ ауылы мен Қазақ радиосы арасындағы алтын-көпір байланысты қайта нығайтып, жалғасаңыз. Әр аймақтан тілшілер қосын ашуға ықпал етсеңіз”-деген ұсыныс жеткіздім.
Жиын соңында Ақпарат министрмен ашық селфи жасадық. Ол кісі: “Қазақ радиосына байланысты ұсынысыңызды “өзіме жазып алдым”-деді.

Ерсұлтан Әмірбек, журналист