Түркістанда қариялар мен ерекше жандарға арнайы орталық қызмет көрсетеді
Түркістан қаласындағы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға барлық жағдай жасалған. Орталық жылына 2000 зейнеткерге, 700-ден астам ерекше қажеттілігі бар азаматқа қызмет көрсетеді. Онда арнайы «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Тең қоғам» сынды бөлімдері мен кәсіби мамандар бар. Орталықта — еңбек терапиясы, компьютерлік сауаттылықты арттыру бойынша арнайы курстар, әнмен емдеу, психотренингтер, әлеуметтік мәселелер бойынша заңды кеңестер беріледі. Одан бөлек, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар мен театр, концерт қойылымдарын тамашалау және мерекелік мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.