Түркістан: инклюзивті білім беру бойынша семинар өтті
Мектептерде инклюзивті білім беру бағдарламаларын енгізуде оқушылардың ата-аналарының ерекше орны мен рөлі, олардың педагогикалық инновация ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларға инлюзивті білім беруге қатынастары мәселесі қарастырылған.
Қазіргі таңда отандық жалпы білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Инклюзивті білім берудің мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ғана емес, ойдағыдай қалыпты дамудағы оқушыларға, олар арқылы ата-аналарға берер пайдасы айқындалған. Ата-аналардың инклюзивті білімге деген тиімді қатынастарын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық шарттары кешенді айқындалған және сипатталған.
Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында Түркістан қаласы білім бөлімінің жоспары және білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасованың бастамасымен «Инклюзивті білім беру ортасын құрудың тиімді жолдары» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Семинардың алғысөзін алған Оразкүл Шайхықызы бүгінгі білім беру саласында инклюзивті білім берудің, психологиялық қызметтің маңыздылығына тоқталып, педагогтарға сәттілік тіледі. Қала мектептерінің педагог-психологтары, педагог-логопед, педагог-дефектологтары қатысқан семинар бағдарламасы бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Бимурзаева «Сен — кереметсің!» тақырыбында ерекше балалармен ток-шоу жүргізді.
Педагог-логопед Ақмоншақ Өмірбек «Бәрін білгім келеді» тақырыбында танымдық-дамыту сайыс сабағын, педагог-дефектолог Мира Абуова «Сөйлеу тілін дамытуға арналған әдіс-тәсілдер» танымдық сабағын көрсетсе, педагог-психологтар Захира Ахметова мен Шарикул Ерназарова «Инклюзивті білім берудегі психолог жұмысының ерекшелігі» тақырыбында психологиялық тренинг жүргізді. Ал, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Прімбетова «Ата-аналардың инклюзивті білім беруге деген көзқарастары мен қатынастары» тақырыбында танымдық сабағын ұсынды.
Семинардың қорытынды отырысында Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері Серікбай Гүлвира қалалық семинардың жоғары деңгейде өтілгеніне тоқталып өтті. Бұл үлкен еңбектің жемісі, ұжымның ауыз біршілігінің арқасы екендігі даусыз. Әрбір өтілген сабаққа қатысқан психолог, логопед-дефектологтар жоғарғы бағаларын беріп өтті. Атап айтсақ, Ө.Жәнібеков атындағы №27 IT мектеп-лицейінің психологі Г.Құдайбергенова мен педагог-дефектологі Б. Байжұманова, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологі И.Досжанова, Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологі Р.Бекжігітова мектепте ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың жақсы жолға қойылғанын, оқушылардың сөз мәнері, сөзді тауып сөйлеуі, ата- аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысы жоғарғы дәрежеде өтілгені және семинарда көрсетілген сабақтардан көп әдіс-тәсілдерді, оқушы мен мұғалім арасындағы жақсы қарым-қатынастың байқалғанын атап өтті.
Инклюзивті білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Инклюзивті білім беру – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу. Инклюзивті оқыту — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға, адамдармен қарым — қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.