МҰҚТАЖҒА ҚОЛДАУ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ПАРЫЗЫ
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан жақты қолдау демократиялық қоғамның барлығына тән құбылыс. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Оның ішінде Қазақстан да бар екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атқарған жұмыстар өз жүйесімен іске асырылып келеді. Оған байланысты Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының «Мемлекет қолдауына мұқтаж жандарға бағытталған бағдарламалардың кідіріссіз және кедергісіз іске асыру барысында сала мамандарының тарапынан теріс ниет болмауы тиіс»,-деп әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар әр кез өз бақылауында болатынын жеткізген еді. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындарға яғни, Түркістан қаласының азаматтарына мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді дер кезінде хабарлап, оның тиімді тұстарын тоқтаусыз насихат етуді ұсынған болатын.
Осы бағытта әлеуметтік қолдаулардың тиісінше қолжетімділігін арттыру үшін ақпараттық насихат жұмыстарын жалғастырып келеміз. Ендеше төмендегі жайларға назар салыңыз.
Заң жобасының негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың әйелдермен және жастармен тең негізде биліктің өкілді тармағына қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың пікірін ескере отырып, оларды белсенді жұмысқа, қоғам өміріне тарту болып табылады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген кезде партиядан кандидат мүгедектігі туралы куәлікті міндетті түрде ұсынуы туралы өзгеріс енгізілген еді. Бұл талаптар мен өзгерістер аспаннан алынған жоқ, әлем елдерінде бар түсінік, кеңінен қолданылатын тәжірибе десек те болады. Мысалы Израиль билігінде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны өте көп. Батыс Еуропа мен АҚШ, Канада және Аустралияда да жетерлік.
Ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бойынша Еуропа елдері алда келеді. Қазақстан бұл елдерден тәжірибе жинап, үйренуде. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар Еуропаның кинотеатрларына, кафелері мен мейрамханаларына еркін бара алады, өйткені бұл орындар арнайы пандустармен, автоматты есіктермен, лифттермен және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайсыздықты сезінбеуіне көмектесетін басқа да пайдалы техникалық шешімдермен жабдықталған. Бұл заң деңгейіндегі бизнеске қойылатын талап. Қазақстан да бұл талаптарды енгізіп жатыр. Ең алдымен пандустар мен жол өткелдерін сол талаптарға сай ету шаралары іске асуда. Ол бойынша кеңес беріп, Еуропалық қауымдастық өкілдері де елге келіп, тексеріс жүргізіп тұрады. Әрине, олқылықтар да жоқ емес, алайды жөндеу іске асуда. Мысалы пандустар талапқа сай болмай жататын жайттар бар. Оны қалыпқа келтіру әр азаматтың борышы. Пандус орнатылған мекеме басшысына ескерту жасау немесе арнайы құзырлы органдарға хабарлама жіберуге болады. Пандус талапқа сай жөнделеді. Дәл сол сияқты қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған белгі тұрған жерге өз көлігін қоймайтын мәдениетке де үйрену үстінде. Бұл да мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін бір қамқорлық десек те болады.